Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Семейдің" сенсациялы чемпиондығы, жанкүйерлер және Игита: Бас бапкер маусымды қорытындылады

Жарияланған күні:

"Семей" футзал клубы
"Семей" футзал клубы. Фото: instagram/davi.mendonca.13

Футзалдан биылғы Қазақстан чемпионаты бізге ерекше тосынсый жасады. Ұзақ жылдар бойы алматылық "Қайрат" салтанат құрған біріншілікте биыл тұңғыш рет "Семей" клубы топ жарды. Осы орайда, клубтың бұл жетістікке жету құпиясы мен команданың тарихи нәтижесі жайлы бас бапкер Дави Мендонса баяндады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

– "Семей" биылғы маусымда алматылық "Қайраттың" ұзақ жылғы басымдығын бұзып, жеңімпаз атанды. Енді қазақстандық футзалда жаңа "патша" пайда болды деп айтуға бола ма?

– "Қайрат" футзалдан әлемдегі ең ірі командалардың бірі. Мұндай тәжірибелі ұжымнан басым түскеніміз мені қуантады, тіпті, кеудені мақтаныш кернейді. Себебі бұл жеңіске жетудің қаншалықты қиын болғанын біз ғана білеміз. Меніңше "патша" деген сөз бұл жерде артықтау сияқты, сол себепті, бұл терминді қабылдай алмаймын. Біздің басты мақсатымыз – клубымызбен бірге әрі қарай да жеңіске жету. Сөз жоқ, жеңіске жету оңай емес. Ал жеңісті жолы үзбей жалғастыру бұдан да қиын нәрсе.

– Қалай ойлайсыз, сіздер екінші орын алған маусыммен салыстырғанда, биылғы маусымның деңгейі төмендеді ме? Әлде биыл "Семей" ел чемпионатына мықты болып оралып, әдемі ойын өрнегін көрсетті ме?

– Мен қарсыластар туралы айта бергенді ұнатпаймын. Маған өз командамызға назар аударып, біздің ойыншыларды жақсарту жағын талқылаған әлдеқайда дұрыс. Біздің жігіттер күн сайын тынымсыз жатттығуда және бар уақытын өздерінің сүйікті ісімен айналысуға жұмсайды. Сондықтан олардың көрсеткішінің жақсаруы да қалыпты нәрсе. Олар қажет кезде аянып қалмайтынын білдім. Біздің жетістігімізге Семейде өткен ойындарымыз да ерекше әсер етті. Өз жанкүйерлерінің алдында ойнағанда жігіттер ерекше қуаттанып кетеді. Сосын бізді өз алаңымызда жеңу қарсыластарға қиын соғады.

– Чемпиондық атаққа жету жолындағы ең маңызды сәт деп нені айтар едіңіз?

– Алғашқы ойындағы жеңіс біздің Семейде өтетін ойындарымыздың алдында айтарлықтай сенім сыйлады. Өз алаңымызда қалай ойнайтынымызды білеміз, сондықтан, сырт алаңда жеңіске жету біздің өзімізге деген сенімімізді арттыра түсті. Чемпиондық атаққа жетер жолда дәл осы жеңістің рөлі зор деп ойлаймын.

– Айтпақшы сәтті трансфер де айтарлықтай роль ойнады, солай емес пе?

– Қысқы трансферлік маусымда Ришат Котляровты қатарға қосқанымыз біз үшін ұтымды болғаны анық. Өзінің көпжылдық тәжірибесінің арқасында ол бізге үлкен көмек көрсетті. Әсіресе плей-офф кезеңінде Котляровтың тәжірибесіне арқа сүйедік.

– Осы орайда, Игита туралы сұрамасақ болмайды. Әйгілі қақпашыны командаға қалай шақырдыңыздар? Оның "Семейге" ауысқан сәтіндегі маңызды жайттар туралы білсек дейміз...

– Игита әлемдік футзал тарихындағы ең ұлы қақпашылардың бірі. Оған еш күмән жоқ. Ал мұндай даңқты ойыншыны өз командамыздың қатарынан көру – үлкен басымдық. Оның шеберлігі мен тәжірибесі біздің жалпы ойын деңгейімізді арттырып қана қоймай, өзге ойыншыларды қанаттандыра түсетіні анық. Біздің клубта екі үздік қақпашы бар, олар – Джайме мен Рауан. Екеуінің ойын өрнегі мен өз ісіне деген адалдығы көз қуантады. Игитаның келгені басты құрамға үміткерлердің арасындағы бәсекелестікті арттырады. Қақпашылардың алға ұмтылып, қарқынды жаттығуына және жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін аянып қалмауына әсер етеді. Мұндай деңгейдегі ішкі бәсекелестік кәсіби түрде өсуге, командалық рухты арттыруға және біздің алаңдағы нәтижеміздің жақсаруына алып келеді.

– Көпшілік "Семейдің" бұл жеңісін сенсацияға балап жатыр. Мұнымен келісесіз бе?

– Иә, бұл өте маңызды жеңіс еді. Қазақстандық футзал тарихындағы және менің өмірімдегі ұмытылмас сәт. Мен өз командаммен, клубтың барлық мүшелерімен мақтанамын. Олардың қатарында ойыншылар, менелджмент және біздің ғажап жанкүйерлеріміз бар. Бұл өте маңызды және бәріміздің ортақ жеңісіміз.

– Маусымда жеңілген кездеріңіз болды ма? Өзіңіз қалаған нәтиже байқалмай, жеңу қолдан келмейтіндей көрінген сәттер...

– Қиын кезеңдерден қалай өту керектігін білу команданы чемпиондыққа жетелейді. Маусым барысында бізде бірқатар қиын сәттер болды. Мұндай жайттардан үлкен сабақ алды. Плей-офф кезеңіне бабымызда барып, ұлы жетістіктерге қол жеткізу жолындағы үлкен сабақ... Спортта жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Ал чемпион команда үшін мұның бәрін басқара білу маңызды.

– Алда Чемпиондар лигасы күтіп тұр. Одан бөлек, чемпиондық атақты қорғау керек. "Қайраттың" да қарап қалмай, чемпиондықты қайтаруға тырысатыны анық. Жаңа маусым алдында тағы трансфер керек емес пе?

– Алдағы маусым бәріміз үшін де әлдеқайда қиын болатыны хақ. Біздің клубқа үлкен үміт артылып отыр, біз де мақсатымызға жету үшін дайын боламыз деп сенемін. Командаға жақсы ойыншылар қосылуда. Жақында ғана әлемдік деңгейде мойындалған Игита мен Феррао келді. Бұл мені қуантатыны анық, себебі маңызды мәселелерді шешу үшін мықты команда керек.

– Маусым барысында қандай қиындықтармен тап келдіңіздер?

– Мықты қарсыластар мен ұзаққа созылған ойындардан бөлек, маған бір бағытта ойлайтын, түрлі ұлттан құралған ойыншылар мен бапкерлер штабын жасақтау қиын соқты. Шыны керек барлық жерден тепе-теңдік табу оңай болған жоқ, бәріміздің күш салуымыз қажет болды. Десе де, бәрі жақсы аяқталғанына қуанамын.

– Алдағы дайындық қалай өтеді? Дайындық жоспары мен жаттығу өтетін орын анықталды ма?

– Біздің маусым алды дайындығыз үйде, Семейде өтеді. Содан соң, біз халықаралық жолдастық кездесулерге аттанамыз. Бұл туралы жақын арада білетін боласыздар.

– Ашық әңгімеңізге рахмет!

Айта кетейік, Дави Мендонса Қазақстан футзал қауымдастығының нұсқасы бойынша 2023/24 жылғы маусымының үздік бапкері атанды. "Семей" футзал клубының бас бапкері дауыс беру бойынша 28 ұпай жинап, ірі есеппен осы жүлдеде жеңіске жетті. 34 жасар бразилиялық маман Қазақстандағы алғашқы маусымында бірден ел чемпионы атанды және Қазақстан кубогының күміс жүлдегері болды.

Еске салайық, "Семей" футзал клубының жаңа ойыншысы Лео Игита да KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзив сұқбат беріп, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2137059-semeiding-sensatsiialy-chempiondygy-zhankuierler-zhane-igita-bas-bapker-mausymdy-qorytyndylady/