Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Париж Олимпиадасына неге қатыса алмайтыны белгілі болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан теннис федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Қазіргі уақытта Елена өкпенің қабынуы ауруына шалдыққан. Дәрігерлер оған кортқа шығуға ғана емес, жарысқа ұшып баруға да қатаң тыйым салды. Рыбакина Олимпиадада жоғары деңгейдегі ойын көрсетуге үміттеніп, белсенді дайындалды, бірақ сырқатына байланысты бұл мүмкін болмады", - делінген мәлімдемеде.
Осыған дейін Елена Рыбакина Париж Олимпиадасына қатыспайтынын жазған едік. Ол жекелей сында және аралас жұптық сайыста өнер көрсетуі керек болған. Рыбакинаның орнына жекелей сында аустралиялық теннисші Дарья Сэвилл ойнайды.
Енді Париж Олимпиадасында теннистен әйелдер арасында Қазақстан намысын тек Юлия Путинцева қорғайды. Ол алғашқы айналымда украиналық Марта Костюкпен кездеседі. Париж Олимпиадасындағы теннис турнирі 27 шілде мен 4 тамыз аралығында "Ролан Гаррос" стадионында өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2139903-elena-rybakina-olimpiadaga-nege-qatysa-almaityny-belgili-boldy/