Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тағы бір қазақстандық теннисші Олимпиадаға қатыса алмайтын болды

Жарияланған күні:

Юлия Путинцева
Юлия Путинцева. Фото: Cameron Smith/Getty Images

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жарақатына байланысты Париж Олимпиадасына қатыспайтын болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан теннис федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Теннис федерациясының мәліметінше, Путинцева Парижге барып, ойындарға белсенді дайындалған. Бірақ, украиналық Марта Костюкке қарсы ойын алдында дене қыздыру кезінде қазақстандық теннисшінің тізесі қатты ауырған. Қысқа медициналық тексеруден кейін матчтан бас тарту туралы шешім қабылданды.

Юлия Путинцева "Уимблдон" турнирінде әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швёнтекті жеңгеннен кейін тізесі ауырғанын айтып шағымданған. Осыған қарамастан, ол Олимпиадаға мақсатты түрде дайындалып, барлық қажетті оңалту шараларынан өткен.

"Париждегі Олимпиаданың басталуы біз үшін нағыз сынақ болды. Өткенде Елена Рыбакина сырқатына байланысты жарыстан бас тартты, ал бүгін біздің команда жарақат салдарынан Юрия Путинцевадан айырылды. Біз екі спортшының да ойынына үлкен үміт артқан едік және болған оқиғаға қатты өкінеміз. Елена да, Юлия да Олимпиадада ойнай алмайтынына қынжылып отыр. Жанкүйерлер осындай қиын кезеңде барлық ойыншымызға қолдау көрсетсе екен дейміз. Қиындықтарға қарамастан, біз алға жылжуды жалғастырамыз және еліміздің туы астында жаңа жеңістерге ұмтыламыз", - деді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев.

Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Юлия Путинцеваның орнына Жаңа Зеландия теннисшісі Лулу Сан ойнайды.

Еске салайық, осыған дейін Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Париж Олимпиадасына қатыспайтыны белгілі болған еді. Оның өкпесі қабынып, дәрігерлер жарыс алаңына шығуға рұқсат бермеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2140593-tagy-bir-qazaqstandyq-tennisshi-olimpiadaga-qatysudan-bas-tartty/