Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ол біреудің бапкері ме": танымал журналист Парижге Қазақстан делегациясымен барған Головкиннің ұлына шүйлікті

Жарияланған күні:

Геннадий Головкиннің ұлы (сол жақта)
Геннадий Головкиннің ұлы (сол жақта). Cкриншот: t.me/kozachkow

Танымал журналист Михаил Козачков Париж Олимпиадасына аттанған Қазақстан делагациясы құрамында тек керек адамдар бар екені хабарланғанын, бірақ Олимпиада ойындарының трансляциясынан ҰОК президенті Геннадий Головкиннің ұлын көріп қалғанын айтты. Бұған ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешева жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Олимпиадада мынадай қызық жайт боп жатыр: Олимпиада алдында Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бас хатшысы Жанар Өтешева телеграм-арнасында Парижге біздің елден тек керек адамдар аттанғанын, ал артық жолаушыларға аккредитация берілмегенін мақтанышпен жазған еді. Делегация сапына спортшылар, бапкерлер, менеджерлер мен спарринг-серіктестер ғана алынды деген болатын. Жарайсыңдар! Бірақ мен Олимпиада ойындарын қарап отырып, ҰОК президенті Геннадий Головкиннің ұлын көріп қалдым. Ол мойнына аккредитацияға ұқсайтын зат тағып алған. Ол біреудің спарринг-серіктесі немесе бапкер ме деген сұрақ туындайды", - деп жазды Козачков Telegram желісіндегі арнасында.

Журналистің бұл жазбасына Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бас хатшысы Жанат Өтешева Telegram желісіндегі арнасында жауап берді.

"ҰОК басшылығы Олимпиада ойындарына басқа 206 мемлекеттің Олимпиадалық комитетінің көшбасшылары сияқты Халықаралық Олимпиада комитетінің шақыруымен келді. ҰОК президенті де, бас хатшысы да делегация құрамына ешқандай әсер етпейтін бір адамды ертіп апаруға құқылы. Ол адам отбасы мүшесі немесе күзетші болуы мүмкін. Бұл қалыпты құбылыс. Иә, Геннадийдің үлкен ұлы Вадим Қазақстан құрамасын қолдау үшін әкесімен бірге Олимпиадаға келді. Ол әкесінің жеке қаражаты есебінен келді.

Бізде күзетшілер де, көмекшілер де жоқ. Біз мұнда спорттық делегацияның игілігі үшін басқа қызметкерлерге кедергі келтірмеу үшін өз күшімізбен жұмыс істеп жатырмыз.

Егер өте қызық болса, әр ҰОК-да спорттық делегациялардың аккредиттелуінің жалпы санына әсер етпейтін және федерациялардың жекелеген өкілдеріне ұсынылатын бірнеше қонақ аккредитациясы бар. Бұған дейін жазғанымның бәрі шындық. Даулы жаңалықтарды бізден іздегеніңізге жол болсын. Біз Олимпиада ойындарындағы 4 ай бұрын бастаған жұмысымыздан ұялмаймыз", - деді Өтешева.

Айта кетейік, әзірге Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының үш медалі бар. Байрақты бәсекенің алғашқы күнінде қазақстандық мергендер жұбы Александра Ле мен Ислам Сәтпаев қола жүлде еншілеген еді. Сол күні дзюдошы Елдос Сметов алтыннан алқа тақты. Ал 28 шілдеде тағы бір татами шебері Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге қол жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2142421-ol-bireuding-bapkeri-me-tanymal-zhurnalist-parizhge-qazaqstan-delegatsiiasymen-bargan-golovkinning-ulyna-shuilikti/