Қазақстандық семсерлесушілер командалық сында Париж Олимпиадасының ширек финалында өнер көрсетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы ширек финалда Венгрия спортшыларымен бақ сынасты.
Қазақстан құрамасы сапынан Руслан Курбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлайимов және Ерлік Сертай өнер көрсетті. Регламент бойынша командалық кездесу 9 кезеңнен тұрады. Әр кезең сайын семсерлесуішілер ауысып отырады.
Нәтижесінде қазақстандық семсерлесушілер венгриялық спортшылардан 30:45 есебімен жеңіліс тапты.
Шпагамен семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы 5-8 орындарды сарапқа салу үшін Египет спортшыларымен сынға түседі.
Айта кетейік, Франция астанасы Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындары 11 тамызға дейін жалғасын табады.
Қазіргі уақытта ел қоржынында 1 алтын, 2 қола медаль бар. Олимпиада ойындарындағы алты жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы медаль кестесінде Бельгия және Ирландия құрамаларымен 20-орында тұр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2143645-qazaqstandyq-semserlesushiler-shirek-finalda-vengriialyqtarga-ese-zhiberip-qoidy/