Париж Олимпиадасы аясында қазақстандық семсерлесушілер командалық сында Мысыр құрамасына қарсы кездесу өткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Шпагамен семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы 5-8-орындарды сарапқа салу үшін Мысыр спортшыларымен шеберлік байқасты. Нәтижесінде қазақстандық спортшылар 36:21 есебімен жеңіске жетті.
Бұл бәсекеде 5-орынды иелену үшін Қазақстан құрамасы Италияға қарсы кездесу өткізеді.
Қазақстан құрамасы сапынан Руслан Курбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлайимов және Ерлік Сертай бақ сынады.
Шпагамен семсерлесуден командалық бәсекенің ширек финалдық кезеңінде қазақстандық спортшылар Венгрия семсерлесушілеріне есе жіберіп қойған еді.
Осылайша қазақстандық семсерлесушілер Париждегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында жүлдесіз қалды. Қазақстандық семсерлесушілердің ішінен жекелей сындағы ең жақсы нәтижені Руслан Курбанов көрсетті. Ол шпагамен семсерлесуден жекелей сайыста ширек финалға дейін жеткен болатын.
Айта кетейік, Франция астанасы Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындары 11 тамызға дейін жалғасын табады. Қазіргі уақытта ел қоржынында 1 алтын, 2 қола медаль бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2143869-qazaqstandyq-semserlesushiler-olimpiadada-5-oryndy-ielendi/