Олимпиада ойындарында даулы оқиғалар жиі болып тұрады. Соның бірі алжирлік боксшы Иман Хелифке қатысты оқиға. Спортшының жынысына байланысты жанжал мен қауесет бұқаралық ақпарат құралдарында желдей есті. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі аталмыш мәселенің мән-жайын сараптап көруге тырысты.
Оқиға неден басталды
1 тамызда әйелдер арасындағы 66 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін италиялық боксшы Анджела Карини алғашқы айналымда алжирлік Иман Хелифке қарсы кездесу өткізді. Жекпе-жек басталған бетте бірнеше ауыр соққы алып қалған италиялық Анджела Карини небәрі 46 секунд өткен соң жұдырықтасудан бас тартты. Тіпті мұрнына зақым келетін соққы да тиген секілді. Ол қарсыласының қолын алудан бас тартып, шаршы алаңнан көзіне жас алып шығып кетті.
Иман Хелиф деген кім
Иман Хелиф бала кезінде футболмен айналысып, кейін боксқа әуес болған. 2021 жылы Токиода өткен Олимпиадаға қатысып, ширек финалда ирландиялық Келли Харрингтонға жол берген. 2022 жылы Хелиф әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
2023 жылдың наурыз айында африкалық спортшы тағы да әлем чемпионатының финалына жетті, бірақ Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) оны шешуші жекпе-жекке бірнеше сағат қалғанда қатыстырмады. Себебі спортшы тестостерон деңгейін анықтайтын сынамадан өте алмады.
Олимпиада ойындарында IBA ережелері қолданылмайды, өйткені жақында Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Халықаралық бокс қауымдастығын (ІВА) мойындалатын федерациялар тізімінен шығарып тастады. Сондықтан Олимпиада ойындарында гормон деңгейіне байланысты тест жүргізілмейді және Хелиф пен тайвандық Линь Юй-Тин сияқты гиперандрогениялық әйелдер еркін қатыса алады. Линь де 2023 жылғы әлем чемпионатында медаль үшін күрестен шеттетілген болатын.
Кездесуден кейінгі реакциялар
Анджела Карини бұл жағдайдан кейін көңілі босап, журналистермен сөйлесу барысында көз жасына ерік берді.
"Менің батыр екенімді барлығы көп айтатын, бірақ бұл жекпе-жекті денсаулығым үшін тоқтауды жөн көрдім. Мұндай күшті соққыны ешқашан сезінген емеспін. Жекпе-жектен бас тарту ниетім болмады, бірақ соққы өте ауыр болды. Мен мұнда кімнің қандай спортшы екенін бағалау үшін келген жоқпын. Бұл дұрыс па, бұрыс па, оны шешу менің міндетім емес жай ғана өз жұмысымды істедім", - деді боксшы.
Жеңімпаз Иман Хелиф жекпе-жектен кейін журналистермен сөйлеспеді.
Халықаралық Олимпиада комитетінің реакциясы
2023 жылғы әлем чемпионатында гендерлік тесттен өте алмаған боксшы Иман Хелиф пен Линь Юй-Тиннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) басты назарында. Бұл туралы 2 тамызда өткен баспасөз конференциясында ХОК-тың коммуникациялар жөніндегі директоры Марк Адамс мәлімдеді.
"Әр адам спортпен кемсітусіз айналысуға құқығы бар. Алдыңғы Олимпиада ойындарындағыдай спортшылардың жынысы мен жасы олардың төлқұжатында көрсетілген деректер негізінде анықталады. Біз бұл екі спортшыға қатысты түрлі жалған ақпараттарды көріп жатырмыз. Олар бірнеше жыл бойы халықаралық жарыстарда, соның ішінде Токио Олимпиадасында, әлем чемпионаттарында және басқа да турнирлерде әйелдер санатында жұдырықтасқан.
ХОК 2023 жылғы әлем чемпионатында аталған екі спортшының гендерлік тесттен өте алмағанына қарамастан олардың әйелдер арасындағы бокстан Олимпиадаға қатысуын мақұлдады. Халықаралық бокс ассоциациясының (IBA) мәліметі бойынша, олардың организмдерінде XY-хромосомалары мен жоғары деңгейдегі тестостерон табылған болатын. Алайда қазіргі таңда Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-ны мойындау мәртебесінен айырғанын жоғарыда айтқан болатынбыз.
Кеше ғана біз (комитет мүшелері) осы екі спортшының қауіпсіздігіне байланысты мәселені талқыладық. Спортшылар тарапына түрлі жалған ақпараттар мен қауесеттер айтылып жатыр", - деді Марк Адамс.
Ал Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) болса алжирлік Иман Хелифтің Олимпиадаға қатысуын айыптады. IBA-ның сайтында жарияланған мәлімдемеде ұйым әйел боксшыларды қорғауға тырысып, ХОК пен World Boxing қауымдастықтарын аталған спортшыларды жарысқа жібергені үшін сынға алды.
Келесі жекпе-жектер
Тайвандық Линь Юй-Тин Олимпиада ойындарындағы алғашқы жекпе-жегін 2 тамызда бастады. Ол 57 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өзбекстандық Ситора Турдбековадан басым түскен болатын. Линь Юй-Тин 4 тамызда болгариялық Светлана Каменоваға қарсы ширек финалдық кездесу өткізеді.
Бүгін, 3 тамызда алжирлік Иман Хелиф әйелдер арасында 66 кг дейінгі салмақ дәрежесінде мажарстандық Анна Лука Хаморимен ширек финалда жұдырықтасады.
- Дзюдодан Қазақстан құрамасы командалық бәсекеде жеңіліп қалды
- Олимпиада-2024: 3 тамызда жарыс жолына кімдер шығады
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2144044-parizh-olimpiadasyndagy-dau-alzhirlik-boksshy-iman-helif-zhynysyn-auystyrgany-ras-pa/