Қазақстандық велотрекші Андрей Чугай Париж Олимпиадасының іріктеу кезеңінде бақ сынады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Андрей Чугай спринт бағдарламасында сынға түсті. Бұл сайысқа 30 спортшы қатысты. 1/32 финалға өту үшін үздік 24 велотрекшінің қатарына кіру керек еді. Алайда қазақстандық спортшы мәреге 10,047 секундта жетіп, ең соңғы, 30-орынға жайғасты.
Еске салайық, қазақстандықтар Алексей Луценко мен Евгений Федоров Париж Олимпиадасында велоспорттан командалық сынға қатысқан еді. Луценко жарысты 52-орынмен аяқтаса, Федоров мәреге жете алмады.
Қазір Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медалі бар. Төрт жылдықтың басты бәсекесі 11 тамызға дейін жалғасады.
Айта кетейік, 7 тамыз таңертең Алматы әуежайына Қазақстанның спорттық гимнастика және оқ ату құрамасының мүшелері келіп қонды. Олардың қатарында Париж Олимпиадасының күміс және қола жүлдегерлері де бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2145837-parizh-olimpiadasy-qazaqstandyq-velotrekshi-irikteu-kezenginen-ary-asa-almady/