Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының мүшесі Эльжана Таниева Париж Олимпиадасының финалына шыға алмады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Эльжана Таниева жекелей көпсайыстың іріктеу кезеңінде сынға түсті. Финалға жолдама алу үшін 24 спортшының ішінде үздік ондыққа ену керек болды. Эльжана төрт жаттығудың қорытындысы бойынша 126.600 ұпай жинап, 13-орынға жайғасты. Ол әр жаттығуда төмендегідей нәтиже көрсетті:
- Шеңбер жаттығуы – 30.750 ұпай;
- Доп жаттығуы – 32.000 ұпай;
- Ұршық жаттығуы – 32.300 ұпай;
- Таспа жаттығуы – 31. 450 ұпай.
18 жастағы Эльжана Таниева мамырда Ташкентте өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Олимпиада лицензиясын иеленген еді.
Еске салайық, спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының мүшесі Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2146279-qazaqstandyq-gimnast-parizh-olimpiadasynyng-finalyna-shyga-almady/