Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сыйлық немесе марапаттар маңызды емес": Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбановпен эксклюзив сұқбат

Жарияланған күні:

Нариман Құрбанов
Нариман Құрбанов. Фото: LIONEL BONAVENTURE/AFP via Getty Images

Олимпиада барысында қазақстандық жанкүйерлер дзюдо, күрес, бокс секілді спорт түрлерінен медаль күтетіні анық. Ал Франция астанасы Парижде өткен ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында Нариман Құрбанов спорттық гимнастикадан тарихи жүлде еншіледі. Нариман Құрбанов аталмыш спорт түрінен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы жүлдені қоржынға салды. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі қазақстандық спортшымен сұқбаттасып, Олимпиадада жасаған ерекше элементі, алдағы жоспары, еліміздегі спорттық гимнастиканың дамуы турасында тілдесті.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасында спорттық гимнастикадан Қазақстан тарихындағы алғашқы жүлдені жеңіп алды.
  • Ол 2017 жылы ойлап тапқан "The Kurbanov" деп аталатын авторлық күрделі элементін Олимпиада финалында орындады.
  • Нариман қыркүйек айында үйленетінін және болашақ жары Аида да гимнаст екенін айтты.

– Спорттық гимнастикамен қай жасыңыздан бастап шұғылдандыңыз? Сіздің бойыңыздағы осы бір қызығушылықты кім оятты?

– Гимнастикаға 18 жасымнан бастап әуес болдым. Сол кезде белгілі бір себептерге байланысты маған мансабымды аяқтау немесе әрі қарай гимнастикамен айналысу жайында шешім қабылдауға тура келді. Нәтижесінде, мен гимнастиканы жалғастырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуді мақсат еттім. Дәл осы спорт түріне әуес болуыма әкемнің үлесі көп болды. Содан кейін, мен гимнастикада қалуға шешім қабылдаған соң, бұл спорт түрін жақсы көріп, тыңғылықты жұмыстар жүргізе бастадым.

– Париж Олимпиадасына дайындық қалай өтті? Негізінен қандай жаттығулар мен элементтерге баса мән беріп дайындалдыңыз?

– Олимпиадаға дайындық бір цикл бойы, яғни алдыңғы Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін басталды. Осы 3-4 жылдық Олимпиада циклінде көп қателік жібердім. Құлап қалдым, психологиялық қателіктер де болды. Осы бір қателіктер маған түрлі жарыстарда алтын медальдардан айырылуға әкеліп соқтырды. Бірақ сол қателіктерді ескере отырып, Олимпиада ойындарының финалына жақсы формада шығып, өз комбинациямды орындадым. Соңғы екі айда біз Францияда, Еуропада жаттығып, ең мықты командалармен жұмыс жүргіздік. Соның нәтижесінде финалға шығып, ең жақсы формада өнер көрсеттім.

– Олимпиадада "The Kurbanov" деп аталатын авторлық күрделі элементіңізді орындадыңыз...

– "The Kurbanov" элементін 2017 жылы ойлап таптым. Мен жаңа элементтерді үйреніп жүрген кезімде, гимнастика ережелерімен танысып, ондағы сирек кездесетін элементтерді зерттедім. Бір сәтте мен екі қолмен алға қарай өтетін элементті жасап жүріп, артқа қарай да жасауға болатынын түсіндім. Содан кейін дәл осы элементті жүзеге асыруға маған 3-4 ай қажет болды. Кейіннен оны әкеме көрсетіп едім, ол қатты қуанды.

Біз бұл элементті 2017 жылы Монреальдағы әлем чемпионатында ресми түрде көрсеттік. Осылайша, менің фамилиям гимнастика ережелерінің тарихында қалды. Олимпиада ойындарының финалында жасаған осы комбинациям көптеген жыл бойы қалыптасты. Қазір спортшылар менің элементтерімді қолдануға, қайталауға тырысып жатыр.

Нариман Құрбанов
Нариман Құрбанов. Фото: Matthias Hangst/Getty Images

– Парижден елге оралған сәтте жанкүйерлер сізді қалай күтіп алды? Арнайы сыйлықтар табысталды ма?

– Сол күні күтіп алған адамның қарасы қалың болды. Адамдардың санымен қоса, камера да көп болды.

Әзірге ешқандай сыйлық немесе марапаттар берілген жоқ. Бұл мен үшін маңызды емес, уақыты келгенде бәрі болады деп ойлаймын.

– Сіз жақында отбасы құратыныңызды айтып едіңіз...

– Менің үйлену тойым қыркүйек айында өтеді. Бұл уақыт жаңа маусымға да дайындалып, отбасын құру үшін де ең қолайлы кезең деп санаймын.

Болашақ жарым Аида да гимнаст, ол да мен сияқты өмірін гимнастикаға арнаған. Біз 2018 жылы Азия ойындарында танысқанбыз, содан бері жақсы қарым-қатынаста болып, бүгінгі күнге дейін бірге келеміз.

Аида Бауыржанова мен Нариман Құрбанов
Аида Бауыржанова мен Нариман Құрбанов. Фото: instagram.com/aida_bauyrzhanova

– Сіз жиі Еуропада жаттығасыз. Қазақстанда спорттық гимнастикаға арналған кешендер аз. Одан басқа, елімізде спорттық гимнастикамен айналысуға қандай кедергілер бар?

– Қазақстанда гимнастикаға арналған кәсіби спорт кешендері аз, бірақ Олимпиада ойындарындағы жетістік бұл спорт түрін дамытуға серпін беріп, жаңа залдардың салынуына, гимнастиканың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін.

Негізгі кедергі – әлемдік деңгейдегі құралдармен жабдықталған кәсіби залдардың жеткіліксіздігі. Жарыстар Еуропада немесе Азияда болғанда, біз сол елдердегі кәсіби залдарда дайындалуға мәжбүр боламыз.

– Сіздің жетістігіңізден кейін бірқатар жасөспірімнің гимнастикаға қызығушылығы оянатыны анық. Жалпы, баланың гимнастикамен айналысуына, оның формасына қанша қаражат кетеді?

– Балалар үшін гимнастика қымбат спорт түрі емес. Бастапқы жылдары гимнастикаға арналған шорты, жейде, шұлықтар жеткілікті. Ал кейінірек жарыстарға арналған арнайы киімдер сатып алынады, олардың құны аса қымбат емес. Спортшы өскен сайын қосымша құралдар қажет болады демесе, гимнастикамен айналысуға аса көп шығын кетпейді.

– Әкеңіз Хусанжан Құрбановтың сіздің табысқа жетуіңізге қосқан үлесі қандай?

– Иә, әкем мені гимнастикаға алып келді, оның арманы мені чемпион ретінде тәрбиелеу еді. Әкемнің басты жеңісі – мені гимнастикадан алыстатпауы, басқа спорт түріне немесе басқа кәсіпке кетіп қалуыма жол бермеуі. Ол менің алғашқы халықаралық жарыстарыма демеушілер де тапқан. Осы бәсекелерде жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін мен ұлттық құрама сапына қосыла алдым.

– Cұқбат бергеніңізге көп рақмет! Биік белестерді бағындыра беріңіз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2148753-syilyq-nemese-marapattar-mangyzdy-emes-olimpiadanyng-kumis-zhuldegeri-nariman-qurbanovpen-ekskliuziv-suqbat/