Бүгін, 8 қыркүйекте елордадағы "Астана Арена" стадионында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстан Республикасының туын алып шықты. Кейін Қазақстан әнұраны шырқалып, қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті. Бірінші болып Көшпенділер ойындары алғаш өткен ел – Қырғызстан құрамасының спортшылары шықса, соңында Қазақстан құрамасы шеруді аяқтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртшылықпен бірге V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады. Cонымен бірге мемлекет басшысы салтанатты жиында сөз сөйлеп, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшылары мен спортшыларға шынайы алғысын жеткізіп, көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айрықша атап өтті.
Сондай-ақ ашылу салтанатында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Роман Скляр, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған сөз сөйледі.
Ашылу салтанатында көшпенді халықтардың тарихы мен мәдениетін бейнелейтін қойылымдар көрсетілді. Шоуға 3000-ға жуық өнерпаз қатысты. Айтулы шара кезінде Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген ән шырқады.
Шара соңында арена ортасына тайқазан түсіріліп, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен өзге де қазақстандық әншілер "Туған жер" әнін орындап, ашылу салтанатын қорытындылады.
Айта кетейік, Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2430 қатысушы тіркелді. Бұл додаға Қазақстан құрамасынан 261 спортшы қатысады. Көшпенділер ойындарында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2158800-astanadagy-duniezhuzilik-koshpendiler-oiyndarynyng-ashylu-saltanaty-qalai-otti/