Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшылары мен спортшыларға шынайы алғысын жеткізіп, көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айрықша атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді Президент көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айрықша атап өтті.

"Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды.

Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды.

Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты.

"Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы.

Спорттың басты миссиясы - халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек", – деді Президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2158812-toqaev-koshpendiler-oiyndary-yntymagymyzdy-bekemdei-tuspek/