Дастан Мұқашбековтің өмір жолы қиындыққа толы, бірақ жігері мен ынтасы арқылы үлкен жетістіктерге жеткен. Ол бала күнінен спортқа қызыққанымен, бойындағы "кемшілігіне" байланысты көп жылдар бойы өзінің арманын ақиқатқа айналдыра алмады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Дастан Мұқашбеков биыл Франция астанасы Парижде өткен жазғы Паралимпиада ойындары аясында F36 санатында ядро лақтырудан сынға түсіп, қола медаль еншіледі. Спортшының айтуынша, Паралимпиада қараңында оны жарақаты мазалаған. Бірақ ол жарақатына да қарамай, ауруға мойымай, жарысқа қатысуға күш тапқан.
"Жарыс жақсы өтті. Өз жетістігіме көңілім толады, қуаныштымын. Қарсыластар да мықты болды. Олар әлем чемпионаты мен Паралимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтеріліп жүрген спортшылар еді. Бұл додада кілең мықтылар бас қосты.
Спорт болған соң, жарақаттар да болады. Паралимпиада алдында жарақаттанып қалған едім. Жарыс барысында осы жарақатым біраз мазалады. Бірақ ауруды басатын дәрілерді ішіп, жарысқа қатыстық", - деді Дастан Мұқашбеков.
Дастан Мұқашбеков 1990 жылы 31 мамырда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Оның спортық мансабы осы қалада басталған.
"Спортпен кішкентай күнімнен айналыстым. Бірақ бойымыздағы "кемшіліктердің" салдарынан біраз уақыт спортпен шұғылдана алмадым...
Мен Қарағандыда бастапқы уақытта зілтемір көтерумен айналыстым. Бірақ бұл спорт түрімен кәсіби түрде шұғылдану мүмкін емес еді, себебі осы бағыттағы арнайы кешендер мен залдар жоқ.
Сол уақытта Қарағанды қаласының жаттықтырушылары мені жеңіл атлетикаға шақырды. Бастапқы уақытта жүгіріп, өз жаттығуымды жасап жүрдім. Ал 2019 жылы ядро лақтыру спортына толыққанды бет бұрып, осы бағытта өз шеберлігімді шыңдап, кәсіби жарыстарға қатыса бастадым", - деді Дастан Мұқашбеков.
Осы кезеңнен бастап Дастан Мұқашбеков халықаралық жарыстарда бақ сынап жүр. 2019 жылы Дубайда өткен әлем чемпионатында 12,20 метрге ядро лақтырып, 9-орынға табан тіреген. Ал 2021 жылы Токиода өткен жазғы Паралимпиада ойындарында 6-орынға жайғасқан еді.
2023 жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында 15,74 метр нәтижесін тіркеп, алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ сол жылы Парижде өткен әлем чемпионатында (15,74 метр) қола жүлдеге қол созған.
Ал биыл Франция астанасы Париждегі жазғы Паралимпиадада 16,00 метр нәтижесімен қола медаль еншілеп, Азия рекордын жаңартты.
Дастан Мұқашбеков айтуынша, спорт оның өміріне елеулі өзгерістер әкелген. Жан жарымен де спорт арқылы танысқан.
"Менің өмірім спортпен тығыз байланысты, тіпті менің бар болмысымды да өзгертіп жіберді десем болады. Токиодағы Паралимпиада ойындарында өзімнің болашақ жарыммен таныстым. Жан жарым Айсұлу Мұқашбекова – Қостанай қаласының тумасы. Ол нысана көздеу спортымен айналысады. Бүгінде мен бақытты отбасының отағасымын. Жан жарым мен ұлым мені әрдайым қолдайды, тіпті жаттығу жасасам да жанымнан қалмайды.
Жан жарым: "Ештеңеге қарама, мен саған сенемін, сенің қолыңнан келеді", - деп қолдау білдіреді.
Сол себепті менің айтарым – ешқашан мойымау керек. Басында мен жай ғана спортшы болғым келді, ал уақыт өте келе чемпион болуды армандадым", - дейді Дастан Мұқашбеков
Сондай-ақ ата-анасы, жақындары, достары да оған ерекше қолдау білдіретінін айтты.
"Спорттан барлық адам шаршайды. Физикалық және психологиялық тұрғыдан адамды қажытып жібереді. Ата-анам үнемі қолдау береді. Жұбайым, балаларым, достарым, бапкерлерім де барынша жігерлендіреді" - деп пікір білдірді спортшы.
Дастан Мұқашбеков Паралимпиада ойындарында ерекше нәтиже көрсетіп, үлкен жетістікке жетті. Енді ол өз есімін тарихта қалдырғысы келеді.
"Өз атымды тарихта қалдырғым келеді. Келесі Паралимпиадада жеңіске жеткім келеді. Алдағы әлем чемпионатында топ жарсам деген ниетім бар", - деп ол жан сырын ақтарды.
Сонымен бірге Дастан Мұқашбеков спорттағы кедергілер мен қиындықтар туралы да сөз қозғады.
"Осы уақытқа дейін спортты қоямын деген ой болмапты. Мен үнемі алдыма мақсат қойып жүрдім. Барынша еңбек етуге тырыстым. Егер адамның санасына спортты қоямын деген ой келсе, онда ол кері кетеді.
Спорттағы ең қиын нәрсе – жарақат. Қазіргі уақытта қол ауырады, аяқ ауырады, бел де сыр беріп жатады. Осы дүниелер маған дайындық барысында көп қиындық әкелді. Осындай жарақаттардан кейін спорттағы нәтижең де төмен түседі. Ойыңа да ерекше әсер етеді. Енді ешнәрсеге мойымай бәріне де қарсы тұруға тырысып жатырмыз. Осы орайда бапкерлеріме өз алғысымды білдіремін", - деді Дастан Мұқашбеков.
Сондай-ақ спортшы мемлекет тарапынан берілетін сыйақылар жөнінде де пікір білдірді.
"Сыйлыққа ештеңе берілмеді. Бәрі алда. Енді келіп жатырмыз. Бәрін уақыт көрсетеді", - деп қысқа қайырды Дастан Мұқашбеков.
Дастан Мұқашбековтің мақсаты айқын: ол келесі әлем чемпионатында жеңіске жетуді және 2028 жылы өтетін Паралимпиадада ел намысын қорғауды көздейді. Ол спортта жеңіске жету үшін қажымай еңбек ету керегін түсінеді.
Қазір Дастан жаттығуларын жалғастырып, Қазақстан чемпионатына дайындалуда. Оның арманы – биік шыңдарға жетіп, өзінің есімін спорт тарихында қалдыру.
Ескерту: Сайттағы эксклюзив материалдарды көшіріп басу үшін редакцияның жазбаша рұқсатын (editor@corp.nur.kz электронды поштасы арқылы) алу керек! Сондай-ақ материалдың бірінші не екінші сөйлемінде KAZ.NUR.KZ порталына гиперсілтеме беру міндетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2160090-sport-arqyly-zhan-zharymmen-tanystym-paralimpiada-zhuldegeri-dastan-muqashbekovpen-ekskliuziv-suqbat/