Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балаларымның санын айтқанды ұнатпаймын": тоғыз қызы бар полиция қызметкері туралы не білеміз (фото)

Жарияланған күні:

Азамат Әбдірахманов
Полиция қызметкері Азамат Әбдірахманов. Фото: Жеке мұрағатынан

Алматы облысындағы полиция Азамат Әбдірахмановтың 9 қызы бар. Жауапкершілігі мол қызметте жүрген көпбалалы әке қыздарына да көңіл бөлуді ұмытпайды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Азамат Әбдірахманов – Балқаш аудандық жергілікті полиция бөлімінің басшысы. Ол осы саладағы еңбек жолын 2008 жылы бастаған. Оның тұңғышы да дәл осы кезде дүниеге келді. Қазір 9 қыздың әкесі атанған полиция майоры құқық қорғау органында жұмыс істеу қиын екенін, отбасына барынша үлгеруге тырысатынын айтты. 

"Құқыққорғау органдарында қызмет атқару өте жауапты жұмыс және қызметке барынша беріліп істеуді талап етеді. Сол себепті жұмыс пен отбасыға тең көңіл бөлу қиын. Сондықтан жұмыстан босаған уақытта, бір сәт те кідірмей, бар бос уақытымды отбасыма арнауға тырысамын. Балаларымның санын айтқанды ұнатпаймын, қазақ балаларды санамаған, әр бала өзінше ерекше, өзінше бір тұлға", - деді ол.

Азамат Әбдірахмановтың отбасы
Азамат Әбдірахмановтың отбасы. Фото: Жеке мұрағатынан

Қоғамда полиция қызметкерін қатал да салқынқанды деп ойлайтындар көп. Аудандық бөлімді басқарып отырған Әбдірахмановтан да жұмысындағы жағдайлар қыздарының тәрбиесіне қалай әсер ететінін сұрап көрдік. Әкелік борышымды дұрыс атқаруға ештеңе кедергі емес дейді ол.

"Полиция қызметкері болуым, менің әкелік борышымды атқаруға еш кедергісін тигізбейді. Жұмысыма деген сүйіспеншілік отбасымның алдындағы жауапкершілікті ұмыттыра алмайды. Тоғыз қыздың әкесі болып, қыз балаларының ортасында, нәзіктіктің, еркеліктің, сұлулықтың ортасында жүріп, қатал болып кету мүмкін емес, мен өзімді қатал әкемін деп санамаймын", - дейді ол.

Тоғыз қызды тәрбиелеп, отбасы мен өз ісін қатар алып жүрген Азаматтың жұбайының есімі – Жазира. Майор әйелін өте пысық, жан-жақты адам деп сипаттады. Ол тек балаға қарап қана қоймай, өз табысын өзі табатын әйел.

"Жазира бала күтіп отырмын деп үйге қамалып отырмайды. Әртүрлі іспен, кішігірім сауда-саттықпен айналысып жүр. Бәріне үлгеру аса қиын емес, себебі алдыңғы үлкен қыздар үй шаруасына көмектеседі. Аналарының бір жағына шығуға жарап қалды", - дейді отағасы.

Азамат Әбдірахмановтың отбасы
Азамат Әбдірахмановтың отбасы. Фото: Жеке мұрағатынан

Әбдірахманов көпбалалы әке болудың ең үлкен артықшылығын өмірге деген құштарлық деп санайды. Бәрін жеткізсем екен, әрқайсының бақытын көрсем деп жүргенде шаршауға да мүмкіндік жоқ дейді ол. Тоғыз қыздың әкесі олар қандай істі сүйіп жасайтыны туралы да айтты.

"Қыздарымның хоббиі әралуан, үлкендерім аспаздыққа ден қойған, бір қызым спорт саласын таңдады, бір қызым кітап оқығанды жақсы көреді. Кішілері әлі ештеңе таңдамады, әзірге сабақ оқып, бала бақшаға қызыға барып жүр... Қандай маман саласын таңдаса да, ата аналарынан тек қолдау көретіндері хақ", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2159754-togyz-qyzy-bar-politsiia-qyzmetkeri-zhumysym-akelik-boryshymdy-oteuge-kedergi-emes/