Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан құрамасы Көшпенділер ойындарының төртінші күні қанша медаль жеңіп алды

Жарияланған күні:

Батыр Бексауыт
Батыр Бексауыт. Фото: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дирекциясы

Бүгін, 11 қыркүйекте V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төртінші жарыс күні Қазақстан құрамасының спортшылары 6 алтын, 7 күміс, 8 қола жүлде еншіледі. Қазір ел қоржынында 27 алтын, 17 күміс, 25 қола жүлде бар, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тоғызқұмалақ

Ұлттық құрама спортшылары жекелей сында екі алтын, бір күміс, бір қола иеленіп, командалық есепте алтын жүлде еншіледі. Қыздар арасында Мөлдір Серікқызы алтын медальға ие болса, Аңсаған Қожанәсіп күміс жүлде еншіледі. Ерлер арасында Бексұлтан Бостандықов алтын алса, Ерсұлтан Әуелбай қола жүлде иеленді.

Асық ату және бес асық

Асық атудан Қазақстан ерлер құрамасы Қырғызстан құрамасын жеңіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал бес асық сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы Ресейден басым түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.

Жамбы ату

Елордадағы этноауылда жамбы атудан соңғы жарыс күні өтті. Жамбы стилінен Батыр Бексауыт күміс жүлдеге ие болды. Бұл спорт түрінен Қазақстан спортшылары жалпы екі алтын, екі күміс, екі қола иеленіп, командалық есепте бірінші орынға жайғасты.

Алыптар сайысы (Powerful nomad)

Бұл спорт түрінен абсолютті салмақ дәрежесінде Азамат Мақұлбеков алтын жүлде алды. Ол 16 елден келген 16 спортшының ішінде үздік нәтиже көрсетті.

Дәстүрлі садақ ату

Бүгін садақшылар "Жамбы" нысанасы бойынша сынға түсті. Жәнібек Құлмырзаев пен Бақберген Сәлімов қола жүлдеге ие болды. Дәстүрлі садақ атудан жарыстың алғашқы күні "Пута" нысанасы бойынша Айкөркем Батихан мен Қасымхан Қанат қола жүлде алса, Жәнібек Құлмырзаев алтын жүлде иеленген болатын. Ал "Қалқан" нысанасынан өткен бәсекеде Ербол Тәпенов күміс жүлдеге, ал Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды.

Алыш

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қырғыздың ұлттық белбеу күресі алыштан жарыс аяқталды. Ерлер арасында 60 кг салмақ дәрежесінде Тұрмаханбек Қалмұқан және 100 кг салмақ дәрежесінде Бекбол Нұрланұлы күміс жүлде алды. Нұржан Сәрсенғалиев (70 кг) пен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 кг) қола жүлдеге ие болды. Әйелдер арасында 75 кг cалмақта Перизат Жақыпбекова күміс жүлдеге ие болса, Назерке Әбілтаева (55 кг), Арайлым Ракиш (60 кг) және Айнұр Ақжігітова (65 кг) қола жүлде алды.

Арқан тартыс

"Алау" мұз сарайында арқан тартыстан жарыс өтті. Қазақстан ерлер құрамасы да, әйелдер құрамасы да финалда ресейлік спортшылардан жеңіліп, әрқайсы күміс жүлдеге ие болды.

Көкпар

Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Ресей командасын 18:2 есебімен ұтып, финалға шықты. Ертең, 12 қыркүйекте қазақ пен қырғыз көкпаршылары алтын жүлдеге таласады. Жарыс 11:30-да "Қазанат" ипподромында өтеді.

Көк бөрі

Қырғыз халқының ұлттық спорты көк бөріден Қазақстан командасы Түркия құрамасын 15:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Ақтық сында қазақстандық спортшылар Қырғызстан командасына қарсы ойнайды. Финал ертең, 12 қыркүйекте сағат 16:30-да басталады.

Көшпенділер ойындарының төртінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша медаль кестесінде Қазақстан құрамасы 69 жүлдемен (27 алтын, 17 күміс, 25 қола) көш бастап тұр. Екінші орынға Өзбекстан жайғасты. Бұл құраманың қоржында 32 медаль бар (11 алтын, 12 күміс, 9 қола). Ал үздік үштікті 38 жүлдемен (10 алтын, 13 күміс, 15 қола) Қырғызстан түйіндеп тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2160201-qazaqstan-quramasy-koshpendiler-oiyndarynyng-tortinshi-kuni-qansha-medal-zhengip-aldy/