Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар додасы аяқталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Финалда Қазақстан және Қырғызстан құрамалары бірінші орынды сарапқа салды. Бұл бәсекеде қазақ спортшылары 5:4 есебімен басымдық танытып, алтын медаль жеңіп алды. Ал қырғыз көкпаршылары күміс жүлде еншіледі.
Көкпар жарысының қола жүлдесі Ресей құрамасына бұйырды. Үшінші орынға таласта ресейліктер Түркияны 8:2 есебімен жеңді.
Үш құрама да ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қола жүлдегер Ресей құрамасына 4 миллион теңге, күміс жүлдегер Қырғызстан құрамасына 6 миллион теңге, ал алтын медаль иегері Қазақстан командасына 10 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ қырғыз спортшысы Манас Ниязов үздік ойыншы атанып, 2 миллион теңге сыйақы алды.
Еске салайық, қырғыз көкпаршылары марапаттау рәсімінде Қазақстан әнұраны орындалмай жатып кетіп қалғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2160640-qyrgyzstanga-6-mln-tengge-kokpardan-zhuldeger-atangan-quramalar-qansha-syiaqy-aldy/