Қазақстандық спортшы Айнұр Сағатбек бодибилдингтен "Arnold Classic Europe" халықаралық турнирінде қола жүлде еншіледі. Төрт баланың анасы Айнұр Сағатбек бұл жетістікке жету жолында үлкен қадамдар мен қиындықтарды бастан өткерген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қазақстандық спортшы, төрт баланың анасы Айнұр Сағатбек бодибилдинг әлемінде жоғары жетістікке қол жеткізіп, "Arnold Classic Europe" халықаралық турнирінде қола жүлде еншіледі. 41 жастағы спортшы 11-13 қазан аралығында Мадридте өткен чемпионатқа қатысып, үздіктер қатарынан көрінді. Аталмыш турнирде 70 елдің спортшылары бақ сынаған болатын, ал Айнұр Сағатбек өз санатында 15 елден келген мықты спортшылармен бәсекеге түсті.
"Бұл жарыс мен үшін үлкен деңгейдегі бәсеке болды. Осындай ауқымды жарыста үздіктер қатарынан табылып, 3-орын алу – мен үшін үлкен мәртебе. Әр елдің мықтылары жиналған бұл жарыста кез келген спортшы барын салуға тырысты. Сондықтан бұл медальді еншілегенде, кеудемді қуаныш кернеді десем де болады", - деді Айнұр Сағатбек.
Артық салмақтан арылуға келген Айнұр
Айнұрдың спортқа келу жолы өте ерекше. Ол бодибилдингпен тек 36 жасында айналыса бастады. Алғашқыда дене салмағын қалыпқа келтіру мақсатында спортзалға баруды бастаған ол кейін пауэрлифтингке бет бұрды. Бұл спорт түрінде Айнұр Сағатбек Қазақстанның спорт шебері атағына қол жеткізіп, ел біріншілігінде рекордтар жаңартқан.
"Бұл спортпен шұғылдана бастаған уақытта менің бойымда артық салмағым болды. Өзіме ұнамайтындықтан дене бітімімді қалпына келтіру үшін жаттығуларға бара бастадым. Бір жылдан кейін пауэрлифтингпен айналысуды қолға алып, Қазақстан чемпионы атандым. Осы жетістіктерім мені күндердің-күнінде бодибилдингке әкелді", - деп еске алады спортшы.
Айнұр екінші баласын босанғаннан кейін салмақ қосып, өзіне көңілі толмағанын мойындайды.
"25-26 жасымда екінші баламды босанған соң салмағым 80 кг-ға жақындап қалды. Үй жағдайында диеталар ұстап, бірде арықтап, бірде толып, түрлі жағдайды бастан кештім. Бірақ спортзалға келмей тұрып, салмағымды 52 кг-ға дейін түсірдім. Ал спортзалға келген соң ет жинап, салмағымды 58 кг шамасында жүйеледім", - деп еске алады Айнұр.
"Спортқа күйеуіммен ажырасқаннан кейін келдім"
Бодибилдинг – тек қайратты күш пен ерекше мүсінді ғана емес, сонымен қатар темірдей тәртіп пен дұрыс тамақтануды талап ететін спорт. Айнұр бастапқыда бұл бағытта қиындықтар кездескенін мойындайды, әсіресе күнделікті жаттығулар кестесін сақтау мен дұрыс тамақтану тәртібін ұстану қиынға соққан.
"Әрине, бастапқы кезде қиын болды. Мен тіпті өзімді жалқаумын деп есептеймін (күледі). Бірақ уақыт өте келе барлығына үйреніп кеттім. Осы орайда маған анам ерекше қолдау көрсеткенін айтқым келеді. Еш алаңдамай спортпен айналысуыма, балаларымды қарауға анам көп көмектесті", - деді Айнұр Сағатбек.
Бодибилдингке келмес бұрын Айнұрдың денсаулығы да мәз емес еді, қаржылық жағдайы да көңілден шықпайтын. Ол 15 жыл декретте отырып, жұмыссыз қалған кездері де болған. Алайда спорт оның өмірін 180 градусқа өзгерткенін айтады. Спорттың арқасында ол өз денсаулығын жақсартып қана қоймай, табыс көзін де толықтырды.
"Мен спортқа күйеуіммен ажырасқаннан кейін келдім. Ол кезде денсаулығымда да, қаржы жағынан да қиындықтар болды. Бірақ бодибилдингпен айналыса бастағаннан кейін денсаулығымды да түзедім, ақшам да толықты. Осының бәрі маған үлкен жетістікке жетуге мүмкіндік берді", - дейді Айнұр.
"Біздің менталитетімізге сай емес"
Бодибилдингпен айналыса бастағанда Айнұрдың туысқандары бұл таңдауына күмәнмен қараған екен. Кейбір туысы бұл спорт түрін "біздің менталитетке сай емес" деп қабылдаған. Алайда Айнұрдың жетістіктерін көрген соң, оның туыстары толықтай қолдау білдіре бастаған.
"Алғашқы кезде туыстарым таңғалды, бұл біздің менталитетімізге сай емес деген әңгімелер болды. Бірақ нәтижемді көрген соң, олар мені қолдай бастады", - дейді Айнұр.
Айнұрдың балалары да анасының тәртіпке толы өміріне қарап, спортқа қызығушылық танытуда. Олар анасының табандылығы мен жетістіктеріне мақтанышпен қарайды.
"Балаларым менің дисциплинаны сақтап, спортпен айналысатынымды біледі. Олар да осыны ескеріп, спортқа жақын болып өсіп келеді. Балаларымның үлкені 18-де, кішісі 9-да. Олар мені мақтан тұтады", - дейді спортшы.
"Бодибилдинг өзімді дамытуға мүмкіндік берді"
Айнұр Сағатбек бодибилдингті тек спорт емес, өзіндік бір өмір салты ретінде қабылдайды. Ол төрт баланы дүниеге әкелгеннен кейін өзінің дене мүсініне көңілі толмағанын және бодибилдинг арқылы оны қалпына келтіре алғанын айтады.
"Бодибилдинг менің өміріме тәртіп енгізді. Бұрын менде мұндай тәртіп болмаған. Бұл спорт маған ерте тұруға, дұрыс тамақтануға, әрі өзімді дамытуға мүмкіндік берді", - деп атап өтті Айнұр.
Спортшының айтуынша, дисциплина арқылы кез келген адам түрлі нәрсені үйрене алады. Ол спортқа да, балаларына да уақыт тауып үлгеріп жүргенін тілге тиек етті. Айнұр дене күтімін сақтап, сымбатты болып жүру үшін ақуызға бай тағамдарды жеу керектігін атап өтті.
"Ет, ірімшік, сүзбе, тауық еті, көкөністерді жеу керек. Бірақ майлы тағамдардан бас тартқан жөн", - деп кеңес береді ол.
Айнұр сондай-ақ әйелдердің өздеріне шектеу қойып, арманындағы дене бітіміне жете алмаймын деп қорқатынын айтты. Оның ойынша, тек тұрақтылық пен табандылық арқылы кез келген мақсатқа жетуге болады.
"Қыз-келіншектер "дәл осындай дене бітіміне жету мүмкін емес" деп ойлайды. Бірақ біз тек өзімізге шектеу қоямыз. Бізге керегі – дисциплина, тұрақтылық және табандылық. Әрбір кішкентай қадам үлкен нәтижеге әкеледі", - дейді спортшы.
Айнұрдың алдағы жоспарлары
Айнұр Сағатбек әлем чемпионатындағы жетістігінен кейін демалыс алуды жоспарлап отыр. Бұл уақыт аралығында ол қыз-келіншектерге өз тәжірибесін бөлісіп, дене мүсінін қалпына келтіру жолында көмек көрсеткісі келеді.
"Мен алдағы 6 айда демалыс аламын. Бұл уақытта әйелдерге, әсіресе аналарға қолдау көрсетіп, өз тәжірибемді бөліссем деймін", - дейді ол.
Айнұрдың спорттағы жетістігі көптеген әйел адамға шабыт беретінін атап өткен жөн. Ол тек спортшы ғана емес, сонымен қатар ана ретінде де үлкен жауапкершілік алып жүрген жан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2176850-artyq-salmaqtan-aryluga-kelgem-41-zhastagy-4-balanyng-anasy-bodibildingten-alemdik-turnirde-top-zhardy/