Шымкентте 2024/25 маусымының әйелдер арасындағы FIDE Гран-приінің екінші кезеңі өтіп жатыр. Екі турдың нәтижесінде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева көш бастап келеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Шымкентке Гран-при турнирінде Бибісара Асаубаева, Александра Горячкина, Ставрула Цолакиду, Хампи Конеру, Катерина Лагно, Тан Чжунъи, Нургюль Салимова, Батхуяг Мунгунтуул, Элизабет Петц және Дивья Дешмук секілді танымал ойыншылар бақ сынап жатыр.
Екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева екі турдан кейін 1,5 ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші орында келеді. Ол 1-турда болгариялық Нургюль Салимованы жеңсе, 2-турда ресейлік Александра Горячкинамен тең түсті.
Бибісара Асаубаевамен қатар Ставрула Цолакиду (Грекия) мен Тан Чжунъи (Қытай) да 1,5 ұпайға ие, алайда қазақстандық спортшы қосымша көрсеткіштер бойынша алда келеді.
Бүгін, 1 қарашада турнирдің 3-туры аясында көшбасшылар – Бибісара Асаубаева мен Ставрула Цолакиду ойнайды.
Айта кетейік, қазіргі таңда шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева жалпы FIDE Гран-приінің кестесінде 2-орында келеді. Гран-при турнирінің алғашқы кезеңі жақында Грузияның Тбилиси қаласында өткен еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2181690-bibisara-asaubaeva-gran-pri-turnirinde-kosh-bastap-keledi/