Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Футбол емес, жемқорлық дамып жатыр": мәжіліс депутаты ҚФФ жұмысын сынға алды

Жарияланған күні:

Депутат Қазыбек Иса
Депутат Қазыбек Иса. Фото: primeminister.kz

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бас прокурор Берік Асыловқа, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа спорттағы мәселелер жайлы депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ мәжілістің Telegram желісіндегі ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазыбек Исаның сөзінше, мемлекет басшысы бюджет қаржысын оңды-солды шашуды тоқтауды қанша талап етсе де, ақша ағыны азаймай тұр. Ол соңғы 6 жылда "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамы 4 кәсіптік клубқа 138 млрд теңге аударғанын, "Астана" футбол клубына 50,1 млрд теңге, "Барыс" хоккей клубына 48,8 млрд теңге, "Astana Qazaqstan Team" велосипед клубына 31,5 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.

"Қазақстанда футболшылар ең көп жалақы алады. Біз шаршап қалған Аршавинге де 55 млн теңге айлық төлегенбіз. Бюджеттен, халықтың қалтасынан мұншама қаржы бөлетіндей футбол біздің мемлекет үшін ең маңызды мәселе ме? Халық қаржысын футболға шашып жатқан тек Қазақстан.

Футболды дамысын деп қанша қаржы бөлсек те, футбол емес, ондағы жемқорлық дамып жатыр. FIFA рейтингісі бойынша біз ең соңғы 130-орындамыз. Ал футболдағы "келісілген ойындар" саны бойынша әлемдік рейтингіде 4-орындамыз.

Төрт ойында қақпасына 8 гол кіргізіп, ойсырай жеңілген, бір де бір жеңіске жетпеген футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ресейлік С.Черчесовке біздің Ә. Бәрменқұлов басқаратын Қазақстан футбол федерациясы жылына 640 млн тг төлейді дейді. Осы 640 млн теңгені 8 голға бөлейік. Сонда біз пұлымызды мақтайтын, тілімізді таптайтын Черчесовке қарсыласқа емес, өз қақпамызға салғызған әр голы үшін 80 млн теңге төлеп отырмыз", - деді депутат.

Қазыбек Иса Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі барлық спорт федерациясы мен кәсіби спорт клубтарына шұғыл ревизия жүргізу керек екенін айтты.

"Осы уақытқа дейін мемлекеттен спортқа, соның ішінде футбол саласына бөлінген қаржының есебі берілуге тиіс. Өйткені ол халық қаржысы. Кәсіби спорт, футбол – бұл негізі бизнес. Сондықтан бюджетке байланған футбол және басқа да кәсіптік клубтардың барлығын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет", - деді ол.

Сондай-ақ мәжіліс депутаты мемлекет қаржысы балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, ұлттық спортқа, бұқаралық спортқа жұмсалуы керек екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2184395-futbol-emes-zhemqorlyq-damyp-zhatyr-mazhilis-deputaty-qff-zhumysyn-synga-aldy/