Ашық суда жүзуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Лев Черепанов Гонконгта өткен Азия біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпида комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Лев Черепанов Азия чемпионатында 10 километрге жүзуден үшінші орын алды. Оның жүлдесі ұлттық құрама үшін аталған жарыстағы бірінші медаль болып отыр.
Айта кетейік, құрлық біріншілігі 10 қарашаға дейін жалғасады. Турнирге Қазақстан құрамасынан алты спортшы аттанған болатын.
Ашық суда жүзуден Азия чемпионаты осымен 11-рет өтіп жатыр. Бұған дейінгі жарыс Самарқандта (Өзбекстан) болған.
Еске салайық, жүзуден Қазақстан құрамасының екі спортшысы Сингапурдегі әлем кубогы кезеңінде Қазақстанның ұлттық рекордын жаңартқан еді. 100 метрге брасс әдісімен жүзу сайысында Аделаида Пчелинцева, 400 метрге еркін стильде жүзуден Ғалымжан Балабек рекордтық нәтиже тіркеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2184876-qazaqstandyq-sportshy-zhuzuden-aziia-chempionatynda-qola-zhulde-zhengip-aldy/