Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы елордада өтетін Билли Джин Кинг кубогының плей-офф матчында Оңтүстік Корея командасымен кездеседі. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан теннис федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Юрий Щукин бастаған бапкерлік құрамның шешімімен матчқа Қазақстан құрамасынан Елена Рыбакина, Зарина Дияс, Юлия Путинцева, Анна Данилина және Жібек Құламбаева қатысатын болды.
Сондай-ақ Оңтүстік Корея құрамасының капитаны Джунг Ба Ким команда құрамын жария етті. Қазақстандықтарға қарсы Да Ён Бак (331 WTA), Со Хен Пак (жұптық сында 257-орын), Ку Ён Ву (417 WTA) және Ким Дабин (331WTA) ойнайды.
Қазір Халықаралық теннис федерациясының (ITF) әлемдік командалық рейтингінде Қазақстан 13-орында, Корея 32-сатыда тұр. Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчтары үш сеттік форматта төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады. Матч жеңімпазы алдағы жылы сәуірде өтетін командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне жолдама алады.
Еске салайық, әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) жаңартылған рейтингінде Елена Рыбакина 5-орыннан 6-орынға төмендеген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2186375-elena-rybakina-qatysa-ma-tennisten-qazaqstan-quramasy-ongtustik-koreiamen-oinaidy/