Джиу-джитсудан Әбу-Дабиде өткен халықаралық турнирде екібастұздық алты жасар спортшы Хадия Құнаева KIDS 2 санатында топ жарып, әлем чемпионы атанды. Хадияны әкесі Самат Құнаев жаттықтырады, деп хабарлайды Kazinform агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Құнаевтар отбасында Хадиядан бөлек тағы бес бала джиу-джитсумен шұғылданады. Олардың бәрі әкесінің тәлімін алып жүр. 42 жастағы Самат Құнаевтың джиу-джитсумен айналыса бастағанына бірнеше жыл ғана болcа да, көптеген әлем чемпионатына қатысып үлгерген. Ол спортқа келгелі денсаулығы дұрысталғанын айтты. Отағасы бүгінде грэпплингтен Қазақстанның спорт шебері.
"Кенже балам үш жарымда, оған спортпен шұғылдануға әлі ерте. Ал Хадиям спортпен айналысып жүргеніне екі жылдай болды. Ол бұған қоса еркін күрестен де жаттығады. Әлем чемпионы атануға күрестің де пайдасы тиді деп ойлаймын. Өзім Абу-Дабиде өтетін халықаралық турнирге 2021 жылдан қатысып, үш жыл қатарынан жүлдегер болсам, биыл бірінші орынды иелендім", - дейді Хадияның әкесі.
Қазіргі таңда Самат Нұртайұлы өз балаларынан бөлек, Екібастұз бойынша 100-дей баланы джиу-джитсуға баулып жүр. Абу-Дабидегі турнирде қызы Хадиямен қоса, бапкердің шәкірттері – 8 жасар Сирин әлем чемпионы атанса, 13 жасар Сальсабиль үшінші орыннан көрінді. Бұл турнирге балаларды апарып қатыстыру үшін Самат Құнаев өзінің жеке автокөлігін сатып жіберген. Бапкердің сөзінше, ақшаның көп бөлігі ұшақпен ұшуға, жатар орынға кеткен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2188701-shakirtterin-zharysqa-aparu-ushin-koligin-satqan-6-zhasar-chempion-qyzdyng-bapkeri-turaly-ne-bilemiz/