Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов ағылшынша үйрену үшін төрт айға Лондонға (Ұлыбритания) оқуға бармақ. Бұл туралы спортшы "Ақтөбе" телеарнасына берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ақтөбеде өтіп жатқан дзюдодан Қазақстан чемпионатына арнайы қонақ ретінде шақырылған Елдос Сметов алдағы жоспары туралы сөз қозғады. Ол қазір ағылшын тілін үйренуді қолға алып жатқанын айтты.
"Келесі жылдың басында Лондонға 4 айға оқуға барамын. Ағылшын тілін үйрену үшін арнайы кетіп бара жатырмын. Құдай қаласа, Халықаралық дзюдо федерациясына (IJF) ағылшынша сұқбат беремін", - деді спортшы.
Еске салайық, Елдос Сметов Олимпиада ойындарында өзге спортшылармен ағылшын тілінде емін-еркін тілдесе алмағаны үшін қатты намыстанғанын айтқан еді.
32 жастағы Сметов Париж Олимпиадасының финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, 60 кг салмақ дәрежесінде алтын медаль еншіледі. Осылайша, дзюдодан Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атанды. Ол 2016 жылы Риода күміс, 2021 жылы Токиода қола медаль жеңіп алған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2188998-londonga-4-aiga-ketemin-eldos-smetov-agylshynsha-uirenu-ushin-shetelge-barmaq/