
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Чиангмайда (Таиланд) өтетін Халықаралық бокс федерациясы World Boxing-ке мүше Азия елдерінің алғашқы жұмыс отырысына қатысады. Сондай-ақ ол Таиландтағы бокстан Азия чемпионатының финалдық бәсекелерін тамашалайды, деп хабарлайды ҰОК-ның ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
World Boxing-ке мүше Азия елдерінің жұмыс отырысының мақсаты — жаңа Азия бокс конфедерациясын құру. Бұған дейін World Boxing Азия аймағында боксты дамыту және ілгерілетумен айналысатын ұйымның құрылғанын ресми түрде жариялаған еді.
Жиын барысында World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Таиланд бокс федерациясы мен Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы Пичай Чунхавадзирамен екіжақты кездесу өткізеді.
Сонымен қатар, Қазақстан ҰОК басшысы Чиангмайда 10-11 желтоқсан аралығында өтетін Азия чемпионатының финалдық бәсекелерін тамашалайды.
Айта кетейік, Таиландтағы Азия чемпионатының финалында Қазақстан құрамасынан 14 боксшы бақ сынайды. Бүгін, 10 желтоқсанда әйелдер арасында Виктория Графеева (60 кг), Аида Әбікеева (63 кг), Наталья Богданова (70 кг), Гүлсая Ержан (81 кг) және Елдана Тәліпова (+ 81 кг) алтын жүлдеге таласады.
Ал 11 желтоқсанда ерлер арасында Санжар Тәшкенбай (48 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Абылайхан Жүсіпов (71 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Бекзад Нұрдәулетов (86 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг) және Айбек Оралбай (92 кг) сынға түседі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2198261-gennadii-golovkin-zhanga-aziia-boks-konfederatsiiasyn-qurudy-talqylauga-qatysady/