Атыраулық ардагер спортшы министрліктен өзіне тиесілі сыйақы өндіріп алды
Опубликовано:

Атыраулық ардагер спортшы Туризм және спорт министрлігінен сыйақы өндіріп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Жоғарғы соттың Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Атыраулық спорт шебері Туризм және спорт министрлігіне 2021 жылы дзюдодан Лиссабон қаласында (Португалия), 2023 жылы Астана қаласында өткен самбодан Азия және Океания чемпионатында, Оралда самбодан шеберлер арасында әлем чемпионатында, Абу-Дабиде (БАӘ) дзюдодан әлем чемпионатында жүлделі орындарды жеңіп алғаны үшін көтермелеу төлемі туралы өтініш білдірген. Бірақ министрлік өтінішті қабылдаудан бас тартқан.
"Ол министрліктің бас тартуына спорт ардагерлеріне төлемді көздемейтін уәкілетті органның ережелеріне сілтеме жасап шағымданды. МАӘС істі зерттей келе, мынаны атап өтті: ережеге сәйкес, әрбір алған орыны үшін, халықаралық жарыстардың әрбір чемпионы мен жүлдегеріне, жеке спорт түрлері бойынша ұлттық құрама мүшелеріне 100 пайыз ақшалай ынталандыру төленеді. Ал халықаралық жарыстардың жеңімпаздары – спорт ардагерлеріне көтермелеу төлеуге тікелей тыйымдар жоқ", - делінген хабарламада.
Талап қоюшы басқа елдің спортшыларымен қатар жарыстарға қатысып, Қазақстан үшін өнер көрсетіп, қатысушы елдердің жалпы медальдық есебінде ескерілген жүлделі орындарға ие болған. Мысалы, Оралда самбодан өткен әлем чемпионатына әлемнің 20-дан астам елінен 550-ден астам спортшы қатысқан.
"Министрлік сенім білдіру құқығын қорғау қағидатын бұзған (ӘРПК-нің 13-бабы), бұл әкімшілік органның заңсыз әрекеттерінен әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыр зардаптарға жол берілмейтіндігін көрсетеді", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты спорт шеберінің талап қоюы қанағаттандырылып, сот министрлікті әлем чемпионатында жүлде алғаны үшін ақшалай ынталандыру төлеуге міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2200098-atyraulyq-ardager-sportshy-ministrlikten-ozine-tiesili-syiaqy-ondirip-aldy/