Қазақстандық гимнаст Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасындағы жетістігінен кейін қандай сыйлықтар алғаны туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ журналист Ақырыс Сейітқазының YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Олимпиададан кейін ең алдымен маған әкімдік тарапынан көлік сыйлады. Кейіннен федерация мен Allur тағы бір көлік берді. Оны мен бірден әкеме сыйладым, себебі бұл көлік оған дәл келеді деп ойладым. Қателеспеппін. Әкем бұл көлікті қатты ұнатты, мен де қатты ұнаттым. Кейіннен бір кәсіпкерлер мені шақырып, ақылдасып, кеңес берді. Сол кезде маған Toyota Highlander көлігін сыйлады. Қазір бұл көліктер бәрі тұрақта тұр, әрі қарай оларға не істейтінімді білмеймін. Шынымды айтсам, автотұрағым көлікке толды. Оның үстіне, өзімде бұрыннан бір көлік бар еді", - деді Нариман Құрбанов.
Сонымен қатар гимнаст бұл көліктерді сатуды жоспарлап жүргенін де жасырмады.
"Мен бұл көліктерді сатуды ойлап жүрмін. Бірақ әзірге оған уақыт болған жоқ, жұмыс көп болып жатыр. Әлі шешімін табамын.
Сондай-ақ пәтерлер мәселесі бар. Олимпиададан кейін кәсіпкерлер маған пәтерге сертификат сыйлады. Олар өздері ұсынған пәтерді алуыма немесе кейін сатып, өзім қалаған пәтерді алуыма мүмкіндік берді. Сертификатты мен анама сыйладым. Қазір анама барынша ұнайтын пәтерді іздеп жатырмыз, сол сертификатты міндетті түрде пайдаланамыз", - деп пікір білдірді Нариман Құрбанов.
Айта кетейік, спорттық гимнастикадан Париж Олимпиадасының финалдық кезеңінде Нариман Құрбанов ат снаряды жаттығуында 15,433 ұпай жинап, екінші орын алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2205348-avtoturagym-kolikke-toldy-nariman-qurbanov-olimpiadadan-keiin-algan-syilyqtary-turaly-aitty/