
Таиландта өтіп жатқан 2025 жылғы Азия чемпионаты эстафетасында шосседегі велоспорттан Қазақстанның аралас құрамасы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Турнир Пхитсанулок қаласында өтіп жатыр. Жарыс бағдарламасы ересектер мен жасөспірімдер командалары арасындағы аралас эстафеталармен ашылды. Қазақстан құрамасы бұл додада екі медаль жеңіп алды.
Ересектер арасындағы жарыста отандық спортшылар үздік нәтиже көрсетті. Евгений Федоров, Дмитрий Груздев, Антон Кузьмин, Ангела Соловьева, Рината Сұлтанова және Махаббат Үмітжанова Азия чемпиондары атанды. Жапония командасы екінші, Гонконг үшінші орынға табан тіреді.
Жасөспірімдер эстафетасында қазақстандықтар Өзбекстан құрамасынан ғана ұтылып, күміске қол жеткізді. Таиланд құрамасы үшінші болып мәреге жетті. Қазақстан атынан Кирилл Чжан, Мұрат Күйтенов, Альмир Валиев, Ангелина Буренкова, Анна Проскурина және Мария Элькина қатысты.
Азия чемпионаты 16 ақпанға дейін жалғасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2218913-qazaqstan-quramasy-aziia-chempionatynyng-algashqy-kunin-altynmen-bastady/