
Керлингтен Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайдың Харбин және Ябули қалаларында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарының алдын ала кезеңінде төртінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ұлттық құраманың қарсыласы Таиланд құрамасы болды. Матч сегіз эндтің алтауына дейін созылып, қазақстандықтар 9:1 есебімен Таиланд құрамасын ойсырата жеңді.
Жарысқа Қазақстан құрамасының атынан Ангелина мен Регина Эбауэр, Тилсимай Аллиярова, Екатерина Колыхалова мен Мерей Тастемір қатысты.
Отандастарымыздың еншісінде қазір төрт жеңіс пен үш жеңіліс бар. Аманжол Төлегеновтің шәкірттері бүгінде топта төртінші орында, бұл жартылай финалға шығуға мүмкіндік беріп отыр.
Қазақстандық спортшылар келесі кездесуін ертең, 13 ақпанда бесінші орында тұрған Гонконг құрамасына қарсы өткізеді. Бұл алдын ала кезеңдегі соңғы матч болмақ.
Еске салайық, бұған дейін керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізіп, қысқы Азия ойындарының плей-офф кезеңіне жолдама алған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2220255-aziada-2025-kerlingten-qazaqstan-aielder-quramasy-tortinshi-zhengisine-qol-zhetkizdi/