Шымкенттегі турнирдің алғашқы күні қазақстандық атлеттер жеңіске жетті
Жарияланған күні:
Шымкентте өтіп жатқан жеңіл атлетикадан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы бірнеше дисциплинада жеңімпаз және жүлдегер атанды. Бұл туралы Жеңіл атлетика федерациясы хабарлады.
Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан XXXV Qosanov Memorial World Athletics Continental Tour Bronze Level халықаралық турнирінің жарыс бағдарламасы аясында спортшылар жүгіру, кедергілер арқылы жүгіру, секіру және лақтыру дисциплиналарында бақ сынады. Бірінші күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының спортшылары бірнеше дисциплинада жеңімпаз және жүлдегер атанды.
Әйелдер арасында 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Аделина Земс 55.69 секунд нәтижемен жеңімпаз атанды. Бұл сында жүлделі үш орынды да отандастарымыз иеленді: Анастасия Колода 59.66 секундпен екінші, Екатерина Колода 1:00.30 нәтижемен үшінші орын алды.
Ерлер арасында 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Вячеслав Земс 50.90 секунд көрсеткішпен бірінші орыннан көрінді. Ал 400 метрге жүгіруде Ефим Тарассов 47.43 секунд нәтижемен топ жарды. Бұл дисциплинада Эльнор Мухитдинов 47.52 секундпен қола жүлдегер атанды.
Әйелдер арасындағы 1500 метр қашықтықта Аяна Болатбекқызы 4:19.43 нәтижемен жеңіске жетсе, Ақбаян Нұрмамет 4:25.59 көрсеткішпен үздік үштікті түйіндеді. Ерлер арасындағы 1500 метрде Игорь Хрунин 3:48.03 нәтижемен қола медаль жеңіп алды.
Әйелдер арасындағы ұзындыққа секіруде қазақстандық спортшылар жүлделі үш орынды толық иеленді. Анастасия Рыпакова 5.91 метр нәтижемен бірінші орын алды. Мария Щипачева 5.77 метр көрсеткішпен екінші, Варвара Дмитриева 5.57 метр нәтижемен үшінші орыннан көрінді.
Сондай-ақ 100 метрге жүгіруде Виктория Ан 11.97 секунд нәтижемен күміс, Арина Мишеева 12.24 секундпен қола жүлде иеленді. Ерлер арасында Алмат Төлебаев 10.88 секунд нәтижемен үшінші орын алды. Ерлер арасындағы ядро итеруде Иван Иванов 18.67 метр нәтижемен қола медальға қол жеткізді.
Айта кетейік, XXXV Qosanov Memorial турнирі 1 шілдеге дейін жалғасады. Халықаралық дода World Athletics Continental Tour Bronze Level күнтізбесіне енгізілген. Биыл жарысқа 12 елден 250-ге жуық спортшы қатысуда.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2395162-shymkenttegi-turnirding-algashqy-kuni-qazaqstandyq-atletter-zhengiske-zhetti/