"Келінінен үйренген": садақ атудан чемпион атанған қазақ әйелі туралы не білеміз
Жарияланған күні:

Қабдоллаева Аяш дәстүрлі садақ атудан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды, деп жазады Sportbugin.kz.
Аяш садақ атумен 2024 жылдан бері ғана айналысады. Оған бұл өнерді келіні Ажар Төлеуханова үйреткен. Ол қысқа уақыттың ішінде шеберлігін шыңдап, халықаралық деңгейдегі үздік мергендердің біріне айналды.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Аяш Қабдоллаева дәстүрлі садақ атудан бірінші орын алып, Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салды.
Жарыс нәтижесі жарияланған сәтте Аяш қуаныштан көз жасына ерік беріп, эмоциясын жасыра алмады.
Айта кету керек, "Егемен Қазақстан" газетінің дерегінше, Аяш Қабдоллаева 20 жылдан астам уақыт бойы ұстаздық етіп, талай шәкірт тәрбиелеп келеді. Ол ұлттық спорттағы жетістігімен ел мерейін үстем етіп жүр.
Былтыр Оңтүстік Кореяда садақ атудан өткен әлемдік додада да 130 спортшының арасынан топ жарған.
Садақшының педагогикалық саладағы еңбек өтілі — 30 жыл. Ал оның садақ атумен айналысқанына бір жылдан сәл ғана уақыт асты. Солай десек те ол осы уақыт аралығында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алып үлгерген.
Тағы бір атап айтатын нәрсе, ол өскемендік танымал садақшы Ажар Төлеуханованың енесі. Ал Ажар Аяш Қабдоллаеваның келіні ғана емес, жаттықтырушысы да.
Екеуі Қазақстан кубогі үшін жарыстың финалында қарсылас болған еді. Ал қазір енесі мен келіні VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында садақ атудан ел намысын қорғап жүр.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2423652-kelininen-uirengen-sadaq-atudan-chempion-atangan-qazaq-aieli-turaly-ne-bilemiz/
