jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Көшпенділер ойыны: медальдар қайта саналғаннан кейін Қазақстан 1-орынға шықты

    Бішкектегі көшпенділер ойыны
    Бішкектегі көшпенділер ойыны. Фото: Ақорда

    Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқар Алагөзов көшпенділер ойынындағы медальдар қайта саналғаннан кейін Қазақстан бірінші орынға ие болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов Facebook парақшасында жазба жариялады. Ол Бішкекте өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының нәтижелері қайта сараланғанын мәлімдеді.

    "VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтіп, үлкен спорттық мереке ретінде аяқталды. Әсіресе көкпар мен аударыспақ жарыстары өте тартысты болды. Қырғыз және қазақ командалары тамаша ойын көрсетіп, спорттық бәсекелестіктің тек алаңда қалатынын тағы бір мәрте дәлелдеді", - делінген мәлімдемеде.

    Алагөзов жанкүйерлер арасында да ешқандай келіспеушілік болмағанын мәлімдеді. Ол екі халықтың спортшылары мен жанкүйерлеріне ерекше алғысын білдірді.

    "Тек медальдарды санау кезінде командалық есепте техникалық сәйкессіздік болды. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының медальдарын жеке-жеке есептеуді ұйғарды. Осылайша, жалпы командалық есепте Қазақстан бірінші орынға ие болды. Қазақ бауырларымызды жеңістерімен құттықтаймыз!", - деді Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы.

    Ол қырғызстандық спортшылардың да бұл ойындарда өз күші мен шеберліктерін көрсетіп, лайықты өнер көрсеткенін жазды.

    "Медальдар кестесі – спорттың бір ғана бөлігі. Бұл ойындардың басты жеңісі – жарысты өзара сыйластық пен адал бәсекелестік рухында өткізе алғанымызда. Біз бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағын тағы бір рет көрсеттік", - делінген мәлімдемеде.

    Бұл ретте ойындардың ресми сайтында әлі күнге дейін қорытынды жалпы есеп жарияланбаған. Қолданушыларға тек VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының медальдар кестесі хатшылықтан түскен ақпараттан кейін жарияланатыны туралы ескерту шығып тұр.

    Көшпенділер ойыны: медальдар қайта саналғаннан кейін Қазақстан 1-орынға шықты

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram