Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Астанадағы мектепте спорттық-білім беру іс-шарасын өткізді
Жарияланған күні:

Астанадағы №45 жалпы орта білім беретін мектепте спорттық-білім беру іс-шарасы ұйымдастырылды. Бағдарламаның оқыту бөліміне 140-қа жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, ал командалық жарыстарға 60 оқушы қатысты.
Семинарда бағдарламаның сертификатталған лекторы Дамир Абулев мұғалімдерге әдістемені таныстырып, практикалық шеберлік сабағында тәжірибесін бөлісті. Педагогтер жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық жаттығуларды балалардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастыру тәсілдерін меңгерді. Бұл білімді мектептегі дене шынықтыру сабақтары мен спорттық іс-шараларда қолдануға болады. Ал оқушылар арасындағы командалық жарыстар бағдарламаның әдістемелік жалғасы болды. Ойын түріндегі тапсырмалар балалардың шапшаңдығын, ептілігін және өзара қолдау көрсете отырып, бірлесіп әрекет ету қабілетін дамытуға бағытталды.
Іс-шараға Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының Бас хатшысы Келбет Нұрғазина, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуандық Ескермесұлы қатысты. Бағдарлама қорытынды марапаттау рәсімімен аяқталды.
Жоба Қазақстанда биыл сәуір айында басталып, мамыр айының соңына дейін еліміздің алты өңірін қамтыды. Маңғыстау мен Атырау облыстарында, Орал, Шымкент және Тараз қалаларында дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне арналған семинарлар, шеберлік сабақтары және балалар арасындағы жарыстар өткізілді.
Жазғы демалыстан кейін қайта жанданған жобаның Астанадағы кезеңі жеңіл атлетиканы мектеп ортасында дамытуға, балаларды тұрақты дене белсенділігіне тартуға және жас спортшыларды іріктеудің бастапқы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2429913-qazaqstan-zhengil-atletika-federatsiiasy-astanadagy-mektepte-sporttyq-bilim-beru-is-sharasyn-otkizdi/
