Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Азия ойындарының бес дүркін чемпионы атанды
Жарияланған күні:

Велошабандоз Алексей Луценко Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына екінші алтынды салды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алексей Луценко тасжол велоспортынан жекелей жарыста топ жарды. Ол 32,1 шақырым қашықтықты 41 минут 24,05 секундта жүріп өтті.
Екінші орынды жапониялық Шунсукэ Имамура (+1:33,99) иеленсе, моңғолиялық Жамбалжамц Сайнбаяр (+1:34,01) үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша, 34 жастағы Луценко Азия ойындарының бес дүркін чемпионы атанды. Бұған дейін ол Инчхон-2014, Джакарта-2018 (екі рет) және Ханчжоу-2022 ойындарында алтын медаль алған еді.
Алексей Луценко Азия ойындарындағы алтын медальдар саны бойынша Константин Негодяевтың рекордын қайталады. Байдарка мен каноэде есуші спортшы да 5 алтын медаль еншілеген болатын.
Айта кетейік, қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 2026 жылғы Азия ойындарының екі алтын медалі бар. Бұған дейін велошабандоз Рината Сұлтанова жеңіс тұғырына көтерілсе, триатлоншы Арлан Жаңабай Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2430135-aziada-2026-qazaqstan-qorzhynyna-ekinshi-altyn-medal-tusti/
