Аяна Болатбекқызы допинг сынамасына байланысты Азия ойындарынан уақытша шеттетілді
Жарияланған күні:

Қазақстандық жеңіл атлет Аяна Болатбекқызы допинг сынамасының қолайсыз нәтижесіне байланысты Айти-Нагоя-2026 Азия ойындарына қатысудан уақытша шеттетілді, деп хабарлайды kazinform.
Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) Қазақстан спортшысына допингке қарсы ережелерді бұзу ықтималдығы туралы хабарлаған.
"Болатбекқызының допинг сынамасынан дростанолон метаболиті — 3α-гидрокси-2α-метил-5α-андростан-17-он анықталған. Бұл зат арнайы көрсетілмеген тыйым салынған заттар санатына жатады.
Спортшыға іс бойынша хабарлама беріліп, Дүниежүзілік допингке қарсы кодекс пен Олимпиада кеңесінің (OCA) допингке қарсы ережелеріне сәйкес іс қаралып біткенше уақытша шеттету туралы шешім қабылданған.
Уақытша шеттету кезеңінде спортшыға Айти-Нагоя-2026 Азия ойындары аясында жарыстарға қатысуға, жаттығуға, жаттықтырушылық қызмет атқаруға немесе спорттық іс-шараларға қатысты кез келген өзге қызметке араласуға тыйым салынады", — делінген хабарламада.
Аяна Болатбекқызы 26 қыркүйекте әйелдер арасындағы 1500 метрге жүгіру жарысының финалына қатысып, 10-орын алған. 27 қыркүйекте спортшы 800 метрге жүгіруден іріктеу кезеңінде сынға түсіп, 12-орын көрсетті және финалға өте алмады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2437627-aiana-bolatbekqyzy-doping-synamasyna-bailanysty-aziia-oiyndarynan-uaqytsha-shettetildi/
