Софья Самоделкина Денис Тен мемориалында қола жүлдегер атанды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина "Челленджер" сериясындағы турнир —Денис Тен мемориалында жүлдегерлер қатарынан көрінді, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.
Жұма күні жекелей сында өнер көрсететін спортшылар еркін бағдарламаларын көрсетті. Самоделкина лутц элементін орындай алмады, бірақ қалған элементтерін таза орындап шықты.
Ол өз өнері үшін 134,91 балл алып, жарыстың бұл бөлігінде екінші орынға ие болды. Алайда жалпы есепте қазақстандық спортшы үшінші орында қалды (204,36).
Денис Тен мемориалында бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен ресейлік Александра Игнатова (некеге дейінгі тегі Трусова) жеңіске жетті. Еркін бағдарламада ол ультра-си, яғни жоғары күрделіліктегі элемент саналатын төрттік лутцті кішігірім қателікпен орындады. 2022 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері жалпы есепте 226,01 балл жинады.
Алматыда өткен "Челленджер" турнирінде екінші орынды оңтүстіккореялық Ким Юджэ иеленді (209,20). Басқа қазақстандық спортшылар үздік ондыққа ене алмады. Нұрия Сүлеймен 14-орынға, Алика Халимова 15-орынға, Амира Ирматова 16-орынға, Зере Сарбалина 18-орынға, Амина Алексеева 19-орынға жайғасты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2440825-sofia-samodelkina-denis-ten-memorialynda-qola-zhuldeger-atandy/