Grand Slam: Талғат Орынбасар Олимпиада чемпионы Елдос Сметовті жеңіп, қола жүлдегер атанды (видео)
Жарияланған күні:

Қазақ дзюдошылары Елдос Сметов пен Талғат Орынбасар Абу-Дабиде өтіп жатқан Grand Slam сериясы турнирінде қола жүлдені өзара сарапқа салды, деп хабарлайды Sports.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Спортшылар 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесті. Нәтижесінде Талғат Орынбасар Елдос Сметовті 10:1 есебімен жеңіп, турнирдің қола жүлдесіне ие болды.
Медаль үшін өткен кездесуге дейін Сметов тәжікстандық Мехрзод Суфиев пен қытайлық Ма Юлинді ұтып, ширек финалда әзербайжандық Балабей Агаевқа есе жіберді. Ал жұбаныш белдесуінде украиналық Артем Лесюктен басым түсті.
Талғат Орынбасар ресейлік Турпал Хабибулаев пен ұлыбританиялық Чарли Эйрден айласын асырғанымен, жартылай финалда Тәжікстан өкілі Лоик Кудбудиновтен жеңіліп қалды.
Айта кетейік, Елдос Сметов – Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы, Рио-2016 Олимпиадасының күміс, Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері және 2015 жылғы әлем чемпионы.
Ал Талғат Орынбасар – Астанада өткен Grand Slam турнирінің екі дүркін (2025 және 2026 жылдары) күміс жүлдегері, сондай-ақ биылғы маусымда Тбилиси кезеңінің қола жүлдесін иеленген еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз