Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогында өнер көрсетті
Жарияланған күні:

Қазақстанның теннистен жасөспірімдер құрамасы Мысырдың Каир қаласында 31 қазан мен 6 қараша аралығында өткен Junior Davis Cup Finals 2026 турнирінің финалдық кезеңіндегі өнерін аяқтады. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық команда әлемнің ең үздік 16 құрамасының арасында 11-орынға ие болды.
16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы беделді командалық турнирде Қазақстан намысын Родион Трайгель, Ансар Ниетқалиев және Ахмади Маханов қорғады. Құрама капитаны – Сергей Квак.
Топтық кезеңде қазақстандық теннисшілер D тобында Франция, АҚШ және Үндістан құрамаларымен кездесті. Үш матчтық кездесудің барлығында Қазақстан құрамасы 0:3 есебімен жеңіліс тапты.
Плей-офф кезеңінде қазақстандық жасөспірімдер үш кездесудің екеуінде жеңіске жетті. Алдымен Қазақстан құрамасы Австралияны 2:1 есебімен жеңсе, кейін тартысты өткен кездесуде Венгрияға 1:2 есебімен жол берді.
Соңғы матчтық кездесуде қазақстандықтар Марокко құрамасымен шеберлік байқасты. Бұл қарсыласу Қазақстан құрамасының 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды. Осылайша, отандастарымыз әлемдік додада қорытынды 11-орынға тұрақтады.
"Жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогы 1985 жылдан бері өткізіліп келеді және 16 жасқа дейінгі теннисшілер үшін ең басты командалық жарыс саналады. Қазақстанның әлемдегі ең үздік 16 құраманың қатарына енгенін мақтан тұтамыз. Біздің спортшылар үшін бұл – баға жетпес тәжірибе әрі халықаралық аренада өз мүмкіндіктері мен бәсекеге қабілеттілігін сынауға берілген тамаша мүмкіндік", - Қазақстан теннис Федерациясында атап өтілді
Жасөспірімдер командасы 2024 жылы ең жақсы тарихи нәтижеге қол жеткізіп, 5-орынға ие болды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының жасөспірімдер арасындағы финалдық кезеңіне Азия/Океания аймағындағы іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетіп, екінші орын алуының арқасында жолдама жеңіп алды.
Жасөспірімдер арасындағы Дэвис кубогы – 16 жасқа дейінгі теннисшілерге арналған әлемдегі ең маңызды командалық жарыстардың бірі. Турнирдің финалдық кезеңіне қатысу жас спортшыларға құнды халықаралық тәжірибе жинақтап, әлемнің ең мықты құрдастарымен кездесулерде өз шеберліктерін сынауға мүмкіндік береді.
Тек Beeline клиенттері ғана алғашқы ғарыштық мобильді байланысты Starlink жерсеріктері арқылы бүкіл Қазақстан аумағында пайдалана алады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2454537-qazaqstan-quramasy-zhasospirimder-arasyndagy-devis-kubogynda-oner-korsetti/