Депутаттар қазақстандық азаматтарды Қытайдан эвакуациялауды сұрады
Жарияланған күні:
Бір топ депутаттар премьер-министр Асқар Маминге аспан асты елінде жүрген қазақстандықтарды отанына қайтару туралы өтініштерін білдірді, сондай-ақ, Қытайдағы коронавирусының таралуына байланысты кейбір идеяларды ұсынды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Олардың айтуынша, Қытайдың тек Ухань қаласынан ғана емес, коронавирус инфекциясы тараған басқа да қалаларынан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесін қарастыру қажет.
Білім және ғылым министрлігі Қытайдың білім министрлігімен қауіп жойылғанша қазақстандық студенттерге демалыс беру мәселесін пысықтауы тиіс.
Депутаттар эвакуацияланған азаматтарды елге келгеннен кейін медициналық бақылауда ұстау қажет деп санайтындарын жеткізді.
Одан бөлек, халық қалаулылары Қазақстан мен Қытай арасындағы азаматтар мен тауар тасымалын уақытша тоқтата тұру қажет деп санайды.
Олар Қытайдағы коронавирустан шығынға батқан отандастардың мәселесін қозғауды да ұмытқан жоқ.
Депутаттардың айтуынша, аспан асты еліне жолдама сатып алған қазақстандықтар туристік операторлардан ақшасын қайтара алмауда.
Халық қалаулылары әлеуметтік желілерде коронавирустың жұғу жолдары мен таралуына қатысты тексерілмеген ақпарат өріп жүргенін де жайып салды.
Олардың пікірінше, ақпараттың тапшылығынан халық байбалам салып, дүрлігуде.
Сол себепті коронавирус инфекциясы бойынша ахуал туралы ақпарат беретін Telegram-канал құруды ұсынды.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин ОКҚ брифингінде коронавирустың тарауына байланысты әлемде қалыптасқан жағдай жайлы баяндады.
Ол вирустың көзі жануарлар- жарғанаттар, сүтқоректілер, оның ішінде қояндар, құстар, сондай-ақ, Ухань базарындағы аю табаны, аю және борсық майы екенін айтты.
Ал 26 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы коронавирустың елімізде таралуының алдын алуды тапсырды.
Осыған байланысты Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин жиын өткізді.
Кейінірек мәжіліс депутаты Қытай мен Қазақстан арасындағы барлық шекараның жабылғанын мәлімдеді.
Кезекті жиында Жандарбек Бекшин үкіметтің Уханьдағы қазақстандық студенттерді эвакуациялау мүмкіндігін пысықтап жатқанын мәлімдеді. Бүгінде аталған қалада қауіпті вирустан жүзге жуық адам көз жұмды.
Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1838447-deputattar-kazakstandyk-azamattardy-kytajdan-evakuacialaudy-srady/