ДДСҰ: Әлемде маймыл шешегін жұқтырудың 257 жағдайы тіркелді

Опубликовано:

Дәрігер1
Көрнекі фото: pixabay.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 29 мамырдағы баяндамасында әлемде 257 адам маймыл шешегін жұқтырғанын және шамамен 120 адам аталған дертті жұқтырған болуы мүмкін екенін хабарлады.

Маймыл шешегі әлемнің 23 елінде тіркелген. Дертке шалдыққандардың арасында қайтыс болғандар жоқ.

13-26 мамыр аралығында Ұлыбританияда 106 адамнан маймыл шешегі анықталған.

Сонымен қатар Португалияда дертті жұқтырудың 49 жағдайы, Канадада 26 жағдайы расталып отыр. Тағы 25-35 дерек зерттеліп жатыр.

Ал Испанияда 20 адамның маймыл шешегін жұқтырғаны расталып, 64 жағдай зерттелуде.

Жалпы маймыл шешегін жұқтыру дерегі АҚШ, Біріккен Араб әмірліктері, Аустрия, Бельгия, Чехия, Дания, Финляндия, Франция, Германия, Израиль, Италия, Нидерланды және басқа да елдерде расталған.

Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің денсаулық сақтау министрлігі бүгінгі таңда әлемде таралып жатқан маймыл шешегін жұқтыру жағдайы елімізде тіркелмегенін мәлім еткен болатын.

Десе де бас санитариялық дәрігер шетелге шығуды көздеп отырған қазақстандықтарға аса сақ болу қажеттігін еске салды.

ДСМ мәліметінше, маймыл шешегі (monkeypoxes – MPXV) – сирек кездесетін жұқпалы ауру.

Ауруды таратушы негізінен жабайы жануарлар яғни, приматтар мен кеміргіштер (тиіндер).

Ауру инфекция жұқтырған адамның қанымен немесе оның биологиялық сұйықтықтарымен, сондай-ақ ауру жануардың етін тұтыну арқылы да таралуы мүмкін.

Ауру белгілері: дене қызуының көтерілуі, дененің ауыруы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бас айналу. Инкубациялық кезең - 5-тен 21 күнге дейін созылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1971547-ddsu-alemde-maimyl-seseginin-zuqtyrudyn-257-zagdaiy-tirkeldi/

jitsu gif