Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркияда қой бордақылап, егін егумен айналысатын қандасымыз туралы не білеміз

Опубликовано:

Түркиядағы қандас
Фото: world-nan.kz

Түркияда ауыл шаруашылығымен айналысып, қазақтың салт-дәстүрін ұмытпаған қандастарымыз жетерлік. Соның бірі - Жәнібек Шолпан. Ол қой бордақылап, егін егіп, қолөнермен айналысып жүр, деп жазады world-nan.kz.

Жәнібек Шолпан Стамбулда өмірге келген. Оның ата-бабалары Түркияға өткен ғасырда қоныс аударыпты. Осыған қарамастан қандасымыздың жанұясы дәстүрді сақтап, ана тілінде сөйлеуге тырысады. Тіпті ұлттық қолөнермен де айналысып жүр.

"Екі қызым өсіп, тұрмысқа шыққан уақытта өмірімнің өзгергенін түсіндім. Немерелер өмірге келіп, олар өздеріне тарта түсті. Нәтижесінде Стамбулды тастап, Факлы ауылына көшіп келдім. Елдімекен Кыркларили қаласына жақын жерде орналасқан. Онда қыздарым мен құдалар тұрады", - деді ол.

Оның сөзінше, қоныс аударған жері ауылшаруашылық саласына өте қолайлы болған.

Қандасымыз бірнеше бас қой сатып алып, бордақылаумен айналыса бастаған. Түркияда кәсіпті жаңадан бастағандар үшін қой шаруашылығы өте тиімді кәсіп. Алайда жергілікті тұрғындар майлы етті аса ұната бермейді, дейді ол.

"Қойларды соймай сатамыз. Оларды 20-25 келі болған уақытта сатып аламын. Төрт түлік күніне орта есеппен 350 грамм қосады. 30 күнде 10 келі салмаққа ие болып шығады. 50-52 күнде бордақылауға немесе сатуға мүмкіндік болады. Біз қойдың салмағын 38-40 келіден асырмауға тырысамыз. Майлы ет мұнда қатты танымал емес. Осылай жұмыс істеймін", - деді Жәнібек.

Оның айтуынша, сойылмаған малға деген сұраныс түріктер арасында ғана емес, жергілікті қазақтар арасында да өте жоғары.

Түркияда тұратын 25 мың қандастың 10 мыңы Стамбулда мекендейді. Айына 500-ге жуық қойды тек қазақ диаспорасының өкілдері сатып алады екен. Сондықтан нарықта сұраныс әрқашан да бар, дейді ол.

Өткен жылдан бастап Жәнібек мал азығы үшін бидай егуді бастаған. Оның шаруашылығына балалар қол ұшын беріп жүр.

Қандасымыз болашақта жылқы өсіргісі келетінін де жасырмады.

"Менің көшпенділерге тән қаным бар. Жерді және төрт түлікті жақсы көремін. Енді жылқы баптағым келеді. Осында тұратыны көршілерім мен құдаларыма ұлттық сусынды ұсынғым келеді. Қазір арманым орындалды. Өмірімде қазаққа тән іспен айналысып жатырмын. Бұл менің бақытым", - деді Жәнібек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1982539-turkiyada-qoi-bordaqylap-egin-egumen-ainalysatyn-qandasymyz-turaly-ne-bilemiz/

pixel