Армения-Әзербайжан шекарасындағы жағдай: ҰҚШҰ миссиясы Арменияға аттанады

Опубликовано:

ҰҚШҰ
Фото: odkb-csto.org

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында Армения-Әзербайжан шекарасындағы жағдайды бағалау үшін Бас хатшы Станислав Зас бастаған ҰҚШҰ миссиясын Арменияға жіберу туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында айтылған.

Миссия құрамында ҰҚШҰ Біріккен штабының басшысы генерал-полковник Анатолий Сидоров пен ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдері болады. Миссияның міндеті - ағымдағы жағдайды бағалау. Сапар нәтижесінде аймақтағы жағдай туралы баяндама мен туындаған шиеленісті шешу бойынша ұсыныстар әзірленетін болады.

Сонымен қатар аталмыш аймақтарда жағдайды бақылау мақсатында арнайы жұмыс тобын құру туралы ұсыныс келісілді. Оның құрамына ҰҚШҰ Хатшылығы мен Біріккен штабының қызметкерлері кіреді.

Айта кетейік, осыған дейін Армения Әзербайжанды "шекаралық аймақтарды атқылады" деп айыптаған болатын. Кейінірек Баку Ереванның арандатуына жауап қайтару шараларын қабылдағанын мәлімдеді.

Екі тарап та құрбандар туралы жария етті. Кейін Әзербайжан "Тараптардың шекарада атысты тоқтату туралы келісімге келгенін" айтты, алайда Арменияда әлі де атқылаудың жалғасып жатқанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1987642-armeniya-azerbaizan-sekarasyndagy-zagdai-uqsu-missiyasy-armeniyaga-attanady/