Қырғызстанның Тәжікстанмен шекаралас аймағында төтенше жағдай енгізілді

Опубликовано:

Қырғызстанның Тәжікстанмен шекарада ТЖ
Қырғызстан туы бар ғимараттың артында түтін шығуда. Фото: mchs.gov.kg

Тәжікстанмен қақтығысқа байланысты Қырғызстанның шекаралас облыстарының бірінде төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл туралы республиканың төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында хабарланды.

"Азаматтық қорғау басшысы, өкілетті өкіл Әбдікәрім Әлімбаевтың 2022 жылғы 16 қыркүйектегі бұйрығының негізінде Баткен облысының аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді", – делінген шетелдік министрліктің сайтында.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, бұл шешімнің мақсаты – өңірде тыныштық орнату, азаматтардың қақтығыс ошақтарында қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты эвакуациялау және қоныстандыру жұмыстарын жүргізу, адам өлімінің алдын алу және тиісті күштерді жұмылдыру болып табылады.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы жағдай 16 қыркүйек күні таңертең қайтадан шиеленісе түсті. Тараптар қақтығыстың басталуына жауапкершілікті бір-біріне жүктеді.

Естеріңізге салсақ, Қырғызстан мен Тәжікстан басшылары Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмон Самарқандтағы Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы саммиті аясында келіссөздер жүргізіп, атысты толық тоқтату және шекарадан күштерді шығару туралы уағдаласқан болатын. Алайда кейініріек қырғыз тарапы келісімді бұзғанын мәлімдеді.

Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі өз азаматтары арасында 24 адамның қаза тапқанын жариялады. Тәжікстан тарапынан нақты сандар әлі аталмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1988295-qyrgyzstannyn-tazikstanmen-sekaralas-aimagynda-totense-zagdai-engizildi/