Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы қақтығыс кезінде қаза тапқандар саны артқанын хабарлады

Опубликовано:

Әскерилер
Әскерлерге нұсқау беріп тұрған әскери қызметші. Көрнекі фото: Pixabay.com

Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігі шекарадағы қақтығыстан қаза тапқандар саны 59 адамға жеткенін хабарлады. Ал Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі қақтығыс кезінде 28 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын мәлімдеді.

Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған 24.kg агенттігінің хабарлауынша, Баткен облысының денсаулық сақтау мекемесіне тағы 13 марқұмның денесі жеткізілген. Осылайша, қақтығыс кезінде қаза болғандардың жалпы саны 59 адамға жеткен.

"Баткен облысындағы қарулы қақтығыс салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 59 адамға жетті", – деп жазады басылым.

Бұған дейін қырғыз тарапы Тәжікстанмен шекарадағы қақтығыс салдарынан қаза тапқандар саны 36 адамға жеткенін хабарлаған еді.

Сонымен қатар, шекарадағы қарулы қақтығыс салдарынан денсаулық сақтау ұйымдарына тағы 15 зардап шегуші түскен. Қазір қақтығыс кезінде жараланғандардың жалпы саны 144 адамға жетіп отыр, оның 102-сі Бішкек пен Ошқа жеткізілсе, жетеуі амбулаторлық емделуге жіберілген.

Сондай-ақ Sputnik Тәжікстан елдің Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап, тәжік-қырғыз шекарасындағы қақтығыс салдарынан қаза тапқан бейбіт тұрғындардың саны анықталғанын жазды.

"Жедел жәрдем көлігіне, мектеп пен мешітке оқ жаудыру салдарынан 28 бейбіт тұрғын қаза тапты, оның ішінде балалар да бар. 16 қыркүйек күні қырғыз тарапы Зумруд және Овчикалъач елдімекендерінде БТР-мен жедел жәрдем көлігін атқан болатын", – делінген хабарламада.

Тәжікстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, атыс кезінде бір отбасының бес мүшесі қаза тапқан, оның ішінде екі бала бар. Сондай-ақ фельдшер мен көлік жүргізушісі көз жұмған.

Еске сала кетейік, тәжік және қырғыз шекарашылары арасында қақтығыс 14 қыркүйек күні басталды.

16 қыркүйекте Қырғызстан мен Тәжікстан президенттері шекарадан әскерді шығаруға келісті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1988409-qyrgyzstan-men-tazikstan-sekaradagy-qaqtygys-kezinde-qaza-tapqandar-sany-artqanyn-xabarlady/

pixel