Германияда көмір карьерін салуға қарсы шыққан қоғам белсендісі Грета Тунберг қамауға алынды
Жарияланған күні:
Германия полициясы швед белсендісі Грета Тунбергті қамауға алды. Ол Германияның батысындағы қараусыз қалған Люцерат қалашығында көмір карьерін кеңейтуге қарсы шыққан.
Басылымның хабарлауынша, RWE энергетикалық компаниясы аталған елдімекенде үйлерді сүріп, Гарцвайлер көмір карьерін кеңейтуді жоспарлаған.
Полиция өкілдерінің Рейтер агенттігіне айтуынша, Тунберг Люцераттан 9 шақырым қашықтықта орналасқан, шахтаның шетіне қарай қашқан, өзге де наразылыққа қатысушылармен бірге қамауға алынған.
Кейін полицейлер Би-би-си ақпарат агенттігіне Гретаны қамауға алмағандарын, одан тек жеке куәлігін тексеру үшін қамауға алынғанын, кейін оның бостандыққа шығатынын хабарлаған.
Полиция сондай-ақ наразылық шеруіне қатысқан өзге азаматтардың кім екені анықталғаннан кейін, олар да босатылатындарын жеткізген.
Жалпы ақпарат агенттігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, Германия билігі 2030 жылға қарай көмір пайдаланудан толығымен бас тартпақ. Экологиялық белсенділердің пікірінше, көмірді тұтыну үкіметтің экологиялық технологияларға көшу жоспарына қайшы келеді.
Айта кетерлігі, Люцерат ауданында жыл сайын 25 млн тонн лигнит - құрамында суы көп, сұр көмірдің сапасы төмен түрі өндіріледі. Ал тұрғындары көшіп кеткен қалашық RWE энергетикалық компаниясына иелігіне өткен.
Фирма өкілдерінің айтуынша, қалашықтағы үйлерді тездетіп сүру қажет екен, себебі үй астындағы көмір биыл қысқа қажет көрінеді.
Бұған қоса басылым Люцерат Гарцвайлер кен орнында көмір шығару үшін сүрілетін, тарихтағы соңғы елдімекен болатынын хабарлайды.
Белгілі болғандай осы сенбіде елдімекенде ауқымды наразылық шарасы өтіп, оған 15 мыңнан астам адам қатысқан. Наразылық шеруін ұйымдастырушылардың айтуынша карьердің кеңейтілуіне 35 мың тұрғын қарсы шыққан.
Айта кетейік, Грета Тунберг - наразылық шеруіне шығып жүрген ең белсенді эко белсенді, ол Time журналының нұсқасы бойынша 2019 жылы тарихтағы ең жас "жыл адамы" атанған. Ол үнемі халықаралық алаңдарда сөз сөйлеп, көліктің тек экологиялық түрін қолдануымен ерекшеленеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2005742-germaniyada-komir-karerin-saluga-qarsy-syqqan-qogam-belsendisi-qamauga-alyndy/