Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 14 мыңнан асты
Жарияланған күні:
Түркиядағы жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 14 мыңнан асты, 64 мыңға жуық адам зардап шекті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Газиантеп провинциясында сөйлеген сөзінде елдегі зілзала салдарынан қаза тапқандар саны 14 014-ке дейін, жарақат алғандар саны 63 794-ке дейін өскенін мәлімдеді.
Al Jazeera телеарнасының Сирия денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, ел үкіметінің бақылауындағы аймақтарда жер сілкінісі салдарынан 1262 адам қаза тапқан. "Ақ дулығалылар" құтқару тобының мәліметінше, Сирияның оппозициясы бақылауындағы аумақтарда апат салдарынан кем дегенде 1900 адам құрбан болған.
Еске салайық, 6 ақпан күні таңертең Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7,7 болатын жер сілкінісі болды. Ел президенті Режеп Тайип Ердоған айтуынша, бұл зілзала - 1939 жылдан бергі елдегі ең жойқын жер сілкінісі.
6 ақпан күні түстен кейін Түркияда магнитудасы 7,6 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Төтенше жағдайдан кейін Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту күні жарияланып, табиғи апаттан зардап шеккен 10 провинцияда үш айға төтенше жағдай режимі енгізілді.
Айта кетейік, бүгін Кахраманмараш қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 44 шақырым жерде магнитудасы 4,8 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2008781-turkiyadagy-zer-silkinisinen-qaza-tapqandar-sany-14-mynnan-asty/