Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 18 мыңнан асты
Жарияланған күні:
Түркияның Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою басқармасы (AFAD) ресми сайтында жер сілкінісінен қаза тапқандар санына қатысты мәліметтерді жариялады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
AFAD деректеріне сүйенсек, 10 ақпандағы жағдай бойынша жер сілінкісі салдарынан Кахраманмараш, Газиантеп, Шанлыурфа, Диярбакыр, Адана, Адыяман, Османие, Хатай, Килис, Малатья және Элязыг провинцияларында барлығы 18 342 азамат қаза тапқан. Одан бөлек, 74 242 адам зардап шеккен. Зілзала болған өңірлерден басқа облыстарға 75 780 адам эвакуацияланған.
Апатты аймақтарда Түркияның Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою басқармасы (AFAD), жағалау күзеті, халықаралық іздеу-құтқару қызметкерлері мен өзге де жауапты мекемелерден жалпы саны 30 306 адам жұмыс істеуде. Ал басқа елдерден келген іздестіру-құтқару қызметкерлерінің саны 6810 адамды құрайды.
Сонымен қатар полиция, жедел жәрдем топтары, еріктілер, жергілікті қауіпсіздік және қолдау топтарынан құралған 121 128 адам зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. Барлығы 12 241 бірлік көлік (экскаватор, трактор, кран, дозатор, жүк көлігі, су таситын көлік, грейдер, вакуумдық көлік, басқа да құрылыс техникасы) қираған өңірлерге жөнелтілген.
Зілзаладан қатты зардап шеккен 10 провинцияға AFAD, Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрлігі мен өзге де мекемелер тарапынан 137 973 шатыр мен 1 507 494 көрпе жөнелтілген.
Еске салсақ, 2023 жылғы 6 ақпанда Кахраманмараштың Пазарджик ауданында 7,7 және Эльбистан орталығында 7,6 балдық екі жер сілкінісі болған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2008931-turkiyadagy-zer-silkinisinen-qaza-tapqandar-sany-18-mynnan-asty/