Түркиядағы қазақстандық құтқарушылар тонаушылардың кесірінен елге қайтуы мүмкін бе
Жарияланған күні:
Түркия билігі жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен аудандарда тонау жағдайларының көбейгенін хабарлады. Сол себепті кейбір шетелдік құтқарушылар өздері жұмыс істеп жатқан аумақтардан кете бастаған.
Бұл туралы мәлімет түрік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.
Соған қарамастан, қазақстандық құтқарушылар Түркияда қалып, іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастыруда.
Қазақстандық құтқарушылардың жұмысы туралы NUR.KZ тілшісіне Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов айтып берді.
Оның сөзінше, жұмыс штаттық режимде жүргізілуде, қазақстандық құтқарушылар өздеріне бекітілген аумақтарда жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ ол қазақстандық мамандар құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан аймақтарда тонау фактісімен бетпе-бет келмегенін атап өтті.
ТЖМ өкілі қазақстандық құтқарушылар жергілікті билік өкілдерімен, консулдармен үнемі байланыста екенін де айта кетті.
Еске сала кетейік, жойқын жер сілкінісі болған Түркияға қазақстандық құтқарушылардың алғашқы эшелоны 7 ақпанда барған еді.
8 ақпанда апат болған аймаққа қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы барды.
Олар зілзаладан кейін із-түзсіз жоғалған адамдарды іздестіруге, төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға көмек көрсетуде.
Бүгінге дейін қазақстандық құтқарушылар 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырған. Қайтыс болған 53 адамның оның ішінде 4 баланың денесін үйінді астынан шығарған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2009184-turkiyadagy-qazaqstandyq-qutqarusylar-tonausylardyn-kesirinen-elge-qaituy-mumkin-be/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.