Қатты құрғақшылық салдарынан Венециядағы каналдарда су деңгейі төмендеген (видео)
Жарияланған күні:

Құрғақшылық салдарынан Венециядағы каналдарда су деңгейі жарты метрге төмендеген. Бұл негізінен қайықтарды пайдаланатын жедел жәрдем мен төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын қиындатып отыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ Bloomberg сайтына сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, төтенше жағдайлар мен қалалық қызметтерден бөлек, су деңгейінің төмендеуінен су таксилері мен гондолалар да зардап шегуде.
Мәселен, өткен демалыс күндері бірнеше каналдарда су деңгейінің төмендеуінен бірнеше сағат бойы кемелер, соның ішінде жедел жәрдем қайықтары қатынай алмаған.

Бұл ретте басылымның мамандарға сілтеме жасап хабарлауынша, Венецияда соңғы бірнеше айда қуаңшылық байқалуда. Жаңбыр жаумауы салдарынан су деңгейінің көтерілмеуі жағдайды одан әрі ушықтырған, каналдардағы су деңгейі аптаның ортасына дейін көтерілмейді деп күтілуде.
Басылымның Legambiente экологиялық тобының деректеріне сілтеме жасап жазуынша, Еуропаның басқа елдері сияқты Италия да қайтадан қатты құрғақшылықпен бетпе-бет келіп отыр.
Қазір аймақта қайтадан қуаңшылық байқалуда, өзендер мен көлдердегі, соның ішінде Комо көліндегі су деңгейі төмендеген.
Айта кетейік, былтыр жазда Италияның бес аймағы қатты құрғақшылыққа байланысты төтенше жағдай режимін енгізуге мәжбүр болған еді. Тіпті, Милан билігі суды үнемдеу үшін қаладағы субұрқақтардың көбін өшірген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2010240-qatty-qurgaqsylyq-saldarynan-veneciyadagy-kanaldarda-su-tartyluda-foto-video/