Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Камчаткада магнитудасы 6,9 болатын күшті жер сілкінісі болды (видео)

Опубликовано:

Петропавл-Камчаткадағы жер сілкінісі
Петропавловск-Камчатскийдегі жер сілкінісі. Видеодан кадр: Т.me/rt_russian

Бүгін Камчаткада күшті жер сілкінісі болды. Алғашында сарапшылар магнитуданы 5,7 деп бағалағанымен, кейін оны 6,9-ға дейін көтерді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

Жерасты дүмпулері Ресейдің Петропавловск-Камчатский қаласына жақын маңда болды. Басылымның мәліметінше, дүмпу күші 6 балды құраған.

"Біз қатарынан екі қатты соққыны сездік. Қабырғалар дірілдеген кезде кафеде отырғанбыз. Ғимараттың терезелері қатты сықырлады. Мен Камчаткада өмірімде бірінші рет зілзаладан кейін адамдардың ғимараттан қашып жатқанын көрдім. Кейбіреулер айқайлады", – деді жергілікті тұрғындардың бірі агенттікке берген пікірінде.

Назар аударыңыз! Видеода әдепсіз сөздер бар!

Жарты сағатқа жуық уақыт бойы қаланың бір бөлігі жарықсыз қалды. Сарапшылар түсіндіргендей, турбогенератор дірілден қорғану үшін өшірілген, бұл қуат жетіспеушілігін тудырды. Петропавловск-Камчатскийдің бірнеше шағын аудандары жарықсыз қалды.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, куәгерлердің айтуынша, жер сілкінісі кезінде адамдар көшеге жүгіріп шыққан, кетіп бара жатқан көліктер сырғанаған. Әлеуметтік желілерде жер сілкінісінің салдары туралы видеолар тарап жатыр – ғимарат ішіндегі плиткалар мен пластикалық төбелер опырылған, дүкен сөрелерінен тауарлар құлап, сынған.

РИА Новости нақтылағандай, қираулар мен зардап шеккендердің жоқтығына қарамастан, Камчаткадағы күшті жер сілкінісінен кейін кейбір үйлерде жарықтар пайда болған.

"Кейбір ғимараттардың сылақтарының бүлінгені және жарықшақтары туралы ақпарат бар", – деді ТЖМ облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Юрий Карташев.

Ғимаратты зерттеу жұмыстары жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2015207-kamcatkada-magnitudasy-69-bolatyn-kusti-zer-silkinisi-boldy-video/

pixel