Ғалымдар климаттың өзгеруінен табиғи апаттар көбейетінін айтып, дабыл қақты
Жарияланған күні:

Америкалық климатологтар алдағы үш жылда әлемде аптап ыстықтың ең жоғарғы көрсеткіші тіркелетінін мәлімдеді. Аптап ыстық 2016 жылғы көрсеткіштен асып, рекорд орнауы мүмкін, деп жазады Хабар 24 арнасы.
Бұл жаһандағы табиғи апаттарға әкелуі мүмкін. Өрт ошақтары көбейіп, су тасқыны артады. 2016 жыл адамзат тарихында "әлемдегі ең ыстық кезең" ретінде тіркелді. Термометр қызып, құрғақшылықтың өршуіне әсер еткен Эль-Ниньо құбылысы еді. Ғалымдардың болжауынша, алдағы үш жылда аптап ыстықтан жаңа рекорд орнауы мүмкін.
"Эль-Ниньо әсерімен 2024 жыл рекордтар кітабына енуі мүмкін. Климаттың антропогендік өзгеруінен туындаған жылынудан басқа жаһандық температураға қосымша серпін беретін Эль-Ниньо әсері орасан. Ал бұл өз кезегінде құрғақшылық пен өртке ұласады", - дейді климатолог Том Ди Либерто.
Бұл құбылыс Тынық мұхитының шығысындағы судың жылынуымен байланысты. Алайда оның механизмі неден басталады дегенге ғалымдар жауап таба алмай отыр. Бір анығы, биыл жыл соңында бүкіл әлемде тропикалық циклондар тіркеледі. Ауа райының күрт құбылуы қалыпты жағдайға айналмақ.
"Эль-Ниньо дауылға ұқсамайды. Яғни, көзге анық көрінбейді. Бірақ ол қызған кезде АҚШ-тың оңтүстігінде салқын, ылғалды ауа-райы орнайды. Ал АҚШ пен Канаданың батысындағы кейбір аймақтар жылы және құрғақ болады. Атлант мұхитындағы дауыл белсенділігі әдеттен төмендейді. Бірақ Тынық мұхитында тропикалық циклондар күшейеді", - дейді климатолог Том Ди Либерто.
Биыл Австралияда аптап ыстық байқалуда. Салдарынан дала өртінің қаупі жоғары. Ал Орталық және Оңтүстік Американың кейбір бөліктерінде қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Африка болса керісінше бес жылдық құрғақшылықтан кейін судан таршылық көрмейді. Ғалымдар климаттың өзгеруі Эль-Ниньо әсерін екі есе күшейтетінін жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2024453-galymdar-klimattyn-ozgeruinen-tabigi-apattarynyn-kobeietinin-aityp-dabyl-qaqty/